ДИКТОР: Көкшетауда нашақорлықтың алдын алу және есірткі жарнамасын жою мақсатында кең көлемді профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Акция «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткізіліп, оған құқық қорғау органдарының өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Шараны облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.

РКС: Акцияға қатысушыларды департаменттің профильдік бөлім басшысының орынбасары Дархан Досанов қарсы алып, жастарға белсенді азаматтық ұстанымы мен бастамашылдығы үшін алғыс білдірді. Ол сондай-ақ еріктілерге жеке сектор аумағын есірткі жарнамаларынан тазарту бойынша нақты міндеттер жүктелгенін атап өтті. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, бұл аудан кездейсоқ таңдалмаған. Талдау жұмыстары нәтижесінде мұнда заңсыз граффити мен есірткіге қатысты жарнамалардың жиі кездесетіні анықталған.

СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Талдау нәтижесінде есірткі жасыру мен наркограффити көп таралған орындар анықталды. Бүгін бұл аумақтарда волонтерлермен бірге жұмыс жүргіземіз, учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер де қатысады. Сондай-ақ тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратамыз.

РКС: Есірткіге қарсы «десанттың» құрамына тәртіп сақшыларынан бөлек, «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері, «Феникс» қоғамдық қорының мүшелері, сондай-ақ, колледж студенттері кірді. Осылайша, 150-ден астам адам нашақорлықтың зияны туралы қоғамды ескерту және заңсыз іс-әрекеттердің алдын алу жолында бірікті.

СНХ: РАМАЗАН БАУЫРЖАН, ОБЛЫСТЫҚ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бұл - біздің алғашқы іс-шарамыз емес. Соңғы рет Зеренді және Краснояр бағытындағы саяжай аумақтарында жұмыс жүргіздік. Басты мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау.

РКС: Қатысушылар аэрозольді бояулармен есірткі сатушылардың байланысын көрсететін жазуларды бояп, тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратты. Сонымен қатар, олар тұрғындарға есірткі қолданудың және «жеңіл табыс» жолына түсу әрекеттерінің салдарын түсіндірді. Мұндай іс-шара зиянды әдеттің алдын алуға үлкен септігін тигізеді дейді ұйымдастырушылар.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ