ДИКТОР: Сабын жасау - шеберліктің ерекше түрі. Ал оны пайдаланған әр адамның денсаулығына кепілдік беру - үлкен жауапкершілік. Табиғи балдан дайындалған пайдалы сабынның өндіріс процесі мен өнімнің тиімділігін біздің түсірілім тобы өз көзімен көріп қайтты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Жеміс - көпбалалы ана және Аналар кеңесінің белсенді мүшесі. Негізгі қызметі - нотариустың көмекшісі, алайда, қосымша кәсіппен айналысу оған тек қаржылай табыс әкеліп қана қоймай, рухани шабыт пен шығармашылық қуаныш сыйлайды. Соңғы екі жылда Жеміс қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен гүл тәріздес мотивтерін қолдана отырып, әртүрлі ароматтағы қолөнер сабындарын жасап келеді. Ол алғашқы кезеңдерде үлкен тапсырыстар түскенде арнайы ыдыстардың жетіспеушілігін ескеріп, ұзақ уақыт бойы бір ыдысты кезекпен пайдаланып сабын дайындаған сәттерін қазір күліп еске алады.
СНХ: ЖЕМІС ҚАМАЛИЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Мен сабын жасау ісімен екі жыл бұрын айналыса бастадым. Бұл идея мүлде күтпеген жерден туды. Еңбек демалысында жатқан кезде әпкем маған сабынның негізін әкеліп: «Мынадан бірдеңе жасап көрші», - деді. Сол кезде менде бар болғаны екі-ақ қалып болды - ең қарапайым, өрнексіз, түссіз қалыптар. Мен оларға гүл үлгілерін қосып, безендіріп көрдім, нәтижесінде өте әдемі бұйымдар шықты. Менің бұл ісім осылай басталды. Қазіргі уақытта сабынды экологиялық таза өнім саналатын табиғи негізден дайындаймыз. Оның құрамында глицерин, натрий және су бар, артық қоспалар мүлде қолданылмайды. Дайындау барысында тек тағамдық бояулар пайдаланылады, ал құрамына қабынуға қарсы қасиеті бар табиғи бал қосылады.
РКС: Жемістің қосымша кәсібіне үй іші де атсалысады. Анасының айтуынша, тойларға 400 ге жуық тапсырыс түскен кезде отбасының барлық мүшесі белсенді түрде жұмысқа кіріседі. Тіпті Жеміс сабын өндірісін бастағалы бері олар дүкеннен мүлде сабын сатып алмайды.
СНХ: БАЯН САТЫБАЛДИНА, АНАСЫ: Бұл іс өзімізге ерекше ұнайды, өйткені әр өнім – еңбегіміздің жемісі. Кейде қызымның жұмысына мен де қолғабыс етемін: сабынды бірге әзірлеп, барлығын ұқыппен істеп, соңынан жұмыс орнын жинап қоямын. Осы уақыт ішінде өндіріс үдерісінің барлық қыр-сырын меңгердім. Екі жылдан бері біздің отбасы дүкеннен сабын сатып алмайды – тек өз өнімімізді ғана қолданамыз. Табиғи өнімнен жасалған бұл сабын таза, жұмсақ әрі нәзік хош иісімен ерекше.
РКС: Жеміс сабыннан бөлек, табиғи өнімдерден жасалған әртүрлі қалта, арнайы таңғыштар және хош иісті май шамдар да шығарады. Көпбалалы ананың қолөнерге деген шеберлігі мен шығармашылық таланты әрбір туындысынан айқын көрінеді. Алдағы уақытта ол шеберлік сағаттарын өткізу арқылы өз тәжірибесін басқаларға үйретуді де жоспарлап отыр.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ