ДИКТОР: Облыстық жастар ресурстық орталығы өңір студенттері мен жастарына жасанды интеллект бойынша оқыту курсын ұйымдастырды. «Aqmola hub» оқыту курсының мамандары жасанды интеллекті күнделікті жұмыста қолданудың әдіс-тәсілдерін үйретті. Тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.

РКС: Аталған курс Мемлекет басшысының Жолдауында айқындаған жасанды интеллект дәуіріне қатысты пайымымен үндесіп отыр. Ақмола облысы бойынша жасанды интеллект қарқынды дамып келеді,-дейді осы сала мамандары. Жыл соңына дейін AI Workshop, Bootcamp және хакатон сынды бірқатар ауқымды шара ұйымдастырылмақ. Мұнда жастар қысқа мерзімде жаңа технологияларды меңгеріп, өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Қазірдің өзінде смарт-камералар мен медициналық жабдықтарға арналған шешімдер, деректерді талдау мен компьютерлік көру бағытындағы жобалар қолға алынған.

СНХ: ДИАН АЙБАШПАНОВ, «ASTANA HUB» АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Смарт камера, медициналық жабдықтарға байланысты технологияларды әзірлеумен айналысатын жобалар пайда болуда. Деректерді талдау арқылы автоматтандыру, машиналық оқыту, компьютерлік көру технологияларын біздің өңірдің мамандары еркін меңгеруде. Біз бұл қауымдастықты дамытып, Ақмола өңірі осы саладағы жетекші аймақтардың біріне айналады деп есептеймін.

РКС: Қазір жасанды интеллект өмірдің барлық саласына еніп, тұрмыста да, бизнесте де зор көмекші ретінде қарастырылған. Дегенмен мамандар оның мүмкіндігін тиімді пайдалану үшін сақтық қажет екенін ескертеді: жеке деректерді сеніп тапсыруға болмайды, әрбір сұранысты мұқият тексеру керек. Ал қауіпсіз әрі дұрыс қолдана білсеңіз, жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктер ашып, болашаққа жол сілтейді.

СНХ: ҚУАНЫШ МҰҚЫШЕВ, «ASTANA HUB» АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ КОНТЕНТ-МЕНЕДЖЕРІ: Мен жасанды интеллект көмегімен фото, видео жасаймын, креативті контент шығарамын, ол маған дағдыларымды монетизациялауға көмектеседі. Егер сіз де осы қабілетті толық меңгергіңіз келсе, Ақмола Hub парақшасына жазылып, толықтай үйрене аласыз. Бұл платформада біз iBootCamp сияқты іс-шаралар өткіземіз, небәрі екі апта ішінде жасанды интеллектті үйренуге болады. Сондықтан біздің платформаға қосылыңыздар, өйткені болашақ жасанды интеллектте.

РКС: Курсқа Көкшетаудағы колледждер мен университет студенттері қатысып, өздері үшін пайдалы да маңызды ақпарат алды. Бұл шара жастардың заманауи технологияларды меңгеруіне тың серпін берді.

СНХ: АЯУЛЫМ ДАРХАНБЕК, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бүгінгі шарада біз жасанды интеллект бойынша көп ақпараттпр білдік, және де біз оны оқу барысында қолданамыз. Біз ChatGPT деген программаны барлықтарыңыз білетін боларсыздар, сол программа арқылы біз сабақтарымызды оңай әрі тапсырмаларды орындаймыз.

РКС: Жасанды интеллект – болашақтың кілті. Сол кілтті дұрыс пайдалана білгендер жаңа дәуірдің есігін оңай ашады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ