ДИКТОР: Ақмола облысы - еліміздің жетекші аграрлық өңірінің бірі. Аймақтың ауыл шаруашылығы өнімдері тек елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ экспорттық әлеуетті де арттыруда. Қазір аймақта егін орағы қызу. Өңір диқандары 7 миллион тоннаға дейін астық жинауды көздеп отыр. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің даму көрсеткіштерімен бөлісті.
РКС: Өңірде егін ору науқаны тамыздың 20-сы басталған еді. Небәрі екі аптаның ішінде аймақ диқандары 1,5 млн тоннадан астам астық жинап үлгерді. Жалпы биыл 5,5 млн гектар алқапқа дән сіңірілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіруді әртараптандыруға байланысты майлы дақылдарға басымдық берілді. Соның нәтижесінде майлы дақылдардың егіс алаңы 2,5 есеге артты. Өңірдегі егін орағына 7 мыңнан астам техника жұмылдырылған. Шаруаларға дала жұмыстарына нарықтық бағадан төмен бағада қажетті жанар-жағармай бөлінді.
СНХ: МҰРАТ БАЛПАН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Көктемгі егіс және күзгі егін орағы науқанына облыс аграрийлері жеңілдетілген бағада 160 мың тоннадан астам дизель отынымен қамтылды. Ендігі міндет – күзгі орақ науқанын жылдам әрі шығынсыз өткізу. Қазіргі уақытта күздік дәнді дақылдарды жинау Зеренді және Сандықтау аудандарында сәтті аяқталды. 604 гектар алқаптан 1,7 мың тонна астық бастырылды. Орташа гектар шығымдылығы 27,4 центнерден айналды. Бұл жақсы көрсеткіш.
РКС: Жыл сайын ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары да артып келеді. Биыл өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға шамамен 238 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның ішінде 63,3 миллиарды қайтарымсыз субсидия. Облыс шаруаларына демеу болған «Кең Дала» және «Кең Дала 2» мемлекеттік қолдау бағдарламаларының аясында 920 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 118 млрд теңгеге қаржыландырылды. Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласына қажетті техникалық база да жаңғыртылуда. Мәселен, ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдетілген лизингпен алу бағдарламасы аясында былтыр 300-ден астам техника, ал жыл басынан бері 43 млрд теңгеге 1400-ге жуық техника сатып алынды. Бұған қоса, мал шаруашылығында да тың серпіліс бар.
СНХ: МҰРАТ БАЛПАН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Аймақта 24 мың бас ірі қара малға арналған 47 сүт-тауарлы фермасы бар. Жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында 15 млрд. теңгеге қолданыстағы сүт-тауарлы фермасын кеңейтуге және жағадан құруға 7 жоба қаржыландырылды. Оның бесеуі өткен жылы жүзеге асырылды. Биыл 1200 басқа арналған тағы екі сүт-тауарлы фермасының құрылысы аяқталады.
РКС: Бұл инвестициялық жобалар тауарлы сүт өндірісінің көлемін 40 мың тоннаға дейін арттырып, саланың дамуына серпін бермек. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңір экономикасына елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Жалпы, аграрлы сала - Ақмола облысы үшін маңызы зор, мәртебесі жоғары сала. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешеннің зор әлеуетін пайдалана отырып, нақты серпіліске қол жеткізуді жүктеген еді. Аталған жетістіктер – соның нақты дәлелі.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ