ДИКТОР: Наурызнама онкүндігі аясында 15 наурыз қайырымдылық шараларына арналды. Жалпы, игі істер дәстүрін тарату қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Осыған орай, облыстық жастар ресурстық орталығы «Тазалыққа құрмет, жүрекке жылу» атты акциясын ұйымдастырды. Жаздың аптап ыстығына, қыстың қытымыр аязына, көктемнің сазды күніне, күздің қара суығына қарамастан таңмен таласа қаланы тазалауға шығатын коммуналдық қызмет жұмысшыларының еңбегі адал. Бұл күні жастар ресурстық орталығының белсенділері оларға ыстық шай мен бауырсақ таратып, бір сәтке болса да көңілдерін көтеруге тырысты. Бұл шараның басты мақсаты – қоғамдық ортада қала тазалығын қамтамасыз ететін жұмысшыларға алғыс білдіру. Наурызнаманы мерекелеу кезінде бұл қасиеттерді барынша кеңінен насихаттау, қадірін арттыру маңызды. Ұлы даланың басты құндылықтарының бірі – адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, өзара көмек көрсетуі қоғамды сүттей ұйытып, бір ел, бір халыққа біріктіреді. Айта кету керек, мұндай акциялар наурыздың 23-не дейін жалғасады.