ДИКТОР: Ақпанның 7-сі мен 14-і аралығында Қытайдың Харбин қаласында IX Қысқы Азия ойындары өтті. Қазақстан құрамасында Ақмола облысының 14 өкілі қатысып, еліміздің жалпы медальдық есебіне зор үлес қосты.
РКС: Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 20 медаль жеңіп алып, 4-ші орынға ие болды. Оның ішінде 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль. Ақмола спортшыларының қорында 2 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль бар.
СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Азия елдері арасындағы шорт-трек жарыстарында бәсекелестіктің жоғары деңгейін Оңтүстік Корея, Қытай және Жапония командалары көрсетті. Соған қарамастан, қазақстандық құрама 1 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды. Біздің спортшылар әр эстафетаға қатысты. Атап айтқанда, ерлер эстафетасында 5 мың метр қашықтықта алтын медаль иеленді. Құрама командада спортшыларымыз Денис Никиша мен Мерсаид Жақсыбаев болды.
РКС: Шаңғы жарысы спринт, эстафета және жеке жарыс түрінен өтті. Бұл жарыс Қазақстан құрамасының қорына 2 күміс және 2 қола медаль әкелді.
СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл медальдарды жеңіп алуға біздің ақмолалық спортшылар үлес қосты. Константин Борцов спринт жарысында күміс медаль жеңіп алды. 4х5 шақырым әйелдер эстафеталық командасында тағы бір күміс, команда құрамында Надежда Степашкина мен Ксения Шалыгина қатысты. 10 шақырымдық жеке жарыста Олжас Климин қола медальға ие болды. Сондай-ақ, Константин Борцов пен Олжас Климин ерлер арасындағы эстафеталық жарыста қола медаль жеңіп алды.
РКС: Биатлоннан жасақталған құраманың 4 спортшысы 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль алды. Жарыс спринт және эстафета түрінен өтті. Қазақстан жарыстың соңғы күні ерлер хоккейінде алтын медаль жеңіп алды. Ұлттық құрамаға «Арлан» клубының хоккейшілері Эдуард Михайлов пен Денис Чапоров енді. Ақмола спортшыларының IX Қысқы Азия ойындарына қатысуы өңір тарихындағы ең табысты болғанын айта кеткен жөн. Естеріңізге салайық, 2017 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында қазақстандық спортшылар спорттың тек екі түрінен жарысып, 4 күміс пен 2 қола медаль ғана иеленген еді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, КӨКШЕ АҚПАРАТ