ДИКТОР: Көкшетауда азаматтық некедегі жұбайын қорқыту, ұрып-соғу және қадір-қасиетін қорлау арқылы өзіне-өзі қол жұмсауға дейін итермеледі деп айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Үкімді қалалық сот шығарды.
РКС: Сот айыпталушының қайтыс болған жәбірленушімен 2016 жылдан бастап азаматтық некеде тұрғанын анықтады. Олардың ортақ баласы бар. Жәбірленуші қаржылық қиын жағдайға тап болған. Сегіз жыл ішінде сотталушы әйелдің жұмыс істеуіне тыйым салып, ұрып-соғып, қорлаған. Сотталушы кінәсін мойындамағанымен, қылмыстық істегі айғақ материалдармен дәлелденді.
СНХ: ДИНАРА НҰРЖАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Қазақстан Республикасының Қылмыстық-Процессуалдық Кодексінің 387, 393, 395, 398, 401-ші баптарын басшылыққа ала отырып, сот айыпкерді Қылмыстық Кодекстің 105-ші бабы, 2-ші тармағының 1-ші бөлігі бойынша жасаған қылмысы үшін кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы туралы үкім шығарды. Оның алдындағы үкім бойынша жазалар бөлігінің қосылуы жолымен үкімдердің жиынтығына сәйкес 4 жыл 1 айға бас бостандығынан айыру туралы қорытынды үкім шығарылды. Сотталушы жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
РКС: Сараптама қорытындысына сәйкес әйелдің өз-өзіне қол жұмсауына көңілдесімен арадағы күрделі қарым-қатынас, өмірлік қиын жағдайлар, қорлау, ұрып-соғу себеп болған. Психикалық ауытқу немесе сырқаттану белгілерін анықталмаған. Бұдан бөлек, жәбірленуші тарапқа моралдық зиян ретінде 7 миллион теңге көлемінде өтемақы өндірілді. Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ. Тараптар екі апта көлемінде сотта шағымдана алады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ