ДИКТОР: Соңғы уақытта урология тақырыбы өзекті. Сырқаттар саны да біршама көбейіп отыр. Осыған орай Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасы осы сала мамандарының басын қосып, шеберлік сағатын өткізді. Мұндай бастама өңір халқына көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

РКС: Теориялық және практикалық бөлімді қамтыған шара барысында бейінді мамандар үш операция жүргізді. Оған қатысушылар өңірдегі урологиялық хирургияның қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

СНХ: ГАФУР ХАЙРЛИ, "АСТАНА" МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ УРОЛОГИЯ ЖӘНЕ АНДРОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ МЕҢГЕРУШІСІ: Осы уақытқа дейін барлық "тірі хирургия" кесу, ашық операция түрінде өткізіліп келді. Қазір ғылым мен техниканың ілгерілеуінің арқасында еліміздің әр облыс орталығында эндоскопиялық операциялар жасауға мүмкіндік беретін осындай жабдық бар. Бұл облыс пен қаладағы денсаулық сақтау саласы әкімшілігінің жұмысты ұтымды ұйымдастыруының арқасында қол жеткізіліп отырғанын атап өтуіміз керек.

РКС: Шеберлік сағатында операция жасалып жатқан жерден тікелей көрсетілім жүргізілді. Бұл шеберлік сағатының ерекшелігі деп айтуға болады. Нақты уақыт режимінде мамандар операция барысын бақылап, хирургтармен тілдесіп отырды. Сонымен қатар, көрсетілімге шалғай аудандардан да әріптестер ЗУМ арқылы қосылды.

СНХ: СӘКЕН ҚАЛЫМЖАНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Шеберлік сағаты дәл осындай форматта алғаш рет өткізіліп отыр. Операциялық бөлмеден жалпы залға трансляция қосылып, ол жерде біздің әріптестер операция жасап жатқан мамандарға тікелей сұрақ қоя алады. Соңғы 2-3 жыл көлемінде біз тек урология бойынша ғана емес, сонымен қатар гинекология және хирургияға қатысты да шеберлік сағаттарын өткізіп келеміз. Осы уақытқа дейін шамамен 7-8 рет ұйымдастырдық.

РКС: Мұндай іс-шара аймақтық медицинаның дамуында маңызды роль атқарады. Осылайша дәрігерлерге озық тәжірибені игеруге және біліктілігін арттыруға жәрдемдеседі, -дейді шараға қатысушылар.

СНХ: НАРИМАН СЫЗДЫҚОВ, УРОЛОГ ДӘРІГЕР: Дәл қазіргі уақытта шеберлік сағаттарының тиімділігін көріп отырмыз. Мұндай шара еліміздің урологтары арасында ғана емес, сонымен қатар шетелдік мамандармен де байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қазақстандағы көптеген дәрігерлер шетелде оқытудан өтіп, тәжірибе жинақтады. Сондықтан келесі кезеңде біздің облыстың мамандары үздік әлемдік, халықаралық тәжірибелерді игерулері қажет. Содан кейін барып оны өз өңірімізде қолданамыз.

РКС: Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасының басшылығы мұндай шеберлік сағаттарын алдағы уақытта да өткізілетінін айтты. Бұл мамандардың біліктілігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге де оң әсер етпек.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ