ДИКТОР: Бүгін Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы Көкшетаудағы мектептер мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының жүздеген жасына есігін айқара ашты. Дәстүрлі шара Дүниежүзілік азаматтық қорғау күніне орайластырылып ұйымдастырылды. Жігерлі жастармен бірге ашық есік күніне біздің түсірілім топ та барып қайтты.
РКС: Академия бастығы Жұмабек Хасенов аталған оқу орны Қазақстанда ғана емес, тұтастай алғанда Орталық Азия бойынша құтқарушылар дайындайтын жалғыз білім ордасы екенін атап өтті. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Асхат Ақылжанов ашық есік күніне келген жастарға құтқарушы мамандығы кез келген мемлекетте қашан да ең қастерлі, асыл мамандық екенін жеткізді. Қазір академияда 600-ден астам курсант білім алып жатыр.
СНХ: АЙДАР ТЕМІРҒАЛИ, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ: Жыл сайын біз өзіміздің оқу базасында осындай шара өткізіп тұрамыз. Халықаралық азаматтық қорғау күніне орайластырамыз. Аталған шара аясындамектеп оқушыларын, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін шақырамыз. Бүгін біз өрт сөндірушілердің қарапайым азаматтарға көріне бермейтін күнделіктіжұмысының бір парасын көрсеттік.
РКС: Шараға келгендерге азаматтық қорғау мамандары жұмысының түрлі бағыты көрсетілді. Кинология бөлімшесінің қызметкерлері мен арнайы үйретілген иттер зардап шегушіні іздестірудің элементтерін көрсетті. Өрт сөндіру құрылғылары мен зардап шеккендерді тасымалдайтын апатты-құтқару құрал-жабдықтары да шараға келгендердің назарына ұсынылды. Мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері зер салып қарап, қызығушылық танытты.
СНХ: ЖҰЛДЫЗАЙ ЫБЫРАЕВА, А.МЫРЗАХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Маған негізі осы әскери өмір ұнайды. Өзім әскери жағына өте қатты қызығамын. Балалық шағымнан бастап әскери адам болғым келетін. Бүгінгі экскурсия маған қатты қызықты болды. Өте қатты ұнады. Әсіресе итпен жұмыс жасаған кезде кинолог,иттің адамды тыңдайтындығы, итпен адамның арасындағы қарым-қатынасты көрдім. Өте қызықты болды. Және де осы курсанттардың өрт сөндіру сәті өте қызықты болды. Өте әсерлі десем болады.
РКС: Бірқатар құрылымның қызметкерлері жастарды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Әсіресе олардың жұмысындағы ерекшеліктерге қызығушылық танытқанын айта кету керек. Шара соңында ашық есік күніне келгендер дала асханасынан дәм ауыз тиді.
ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ