ДИКТОР: Былтыр Қазастанда соңғы 80 жылда болмаған ірі су тасқыны орын алды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды. Қираған үйлер мен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарына қыруар күш пен қаржы жұмсалды. Қазір аймақта су тасқыны қаупін азайту мақсатында кешенді алдын алу шаралары өткізілуде. Аршалы ауданының көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындығы қандай? Тілші баяндайды.

РКС: Аршалы ауданында 10 елдімекенде су тасқынының қаупі жоғары. Тұрғындарды қорғау және жаппай су басу салдарын сейілту мақсатында Жібек Жолы ауылында қорғаныс бөгетінің құрылысына қатысты жоба жүзеге аксырылуда. 6 шақырымнан астаны бөгет құрылысына 2,3 миллиард теңге бөлінді. Бөгет тұрғызуға байланысты бастапқы жұмыстың 70 проценті аяқталды.

СНХ: ЕРЖАН ЖОЛЫМБЕТОВ, АРШАЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жұмыс жалғасуда. Бұл жоба бойынша аяқтауды жоспарлап отырмыз. Анар селолық округі бойынша былтыр Анаркөл көлінің қорғаныс бөгетін қайта жаңартуға байланысты жоба әзірленді. Қазір 80 проценті орындалды. Келісім-шарттың сомасы – 1,4 миллиард теңге. «Қазсушаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі Ақмола филиалы былтыр Жібек жолы ауылынан Астана қаласындағы қорғаныс бөгетінің контрреттегішіне дейінгі айналма арықты тазарту жұмыстарын жүргізді. Ені 40 метр, ұзындығы 4 шақырымға жуық.

РКС: Су деңгейі көтерілуінің алдын алу үшін биыл аудандық әкімшілік инженерлік және су соратын 70-тен астам техника, 27 мотопомпа дайындады. Бұдан бөлек, 100-ден астам адамнан жеке құрам жасақталды. Айта кету керек, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл техника мен адам күші екі есеге арттырылып отыр.

СНХ: ЕРЖАН ЖОЛЫМБЕТОВ, АРШАЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 20 тонна жанар-жағар май, 100 кереует, 10 төсек-орын жиынтығы, 36 мың тонна инертті материал әзірленді. 40 мың дана қап дайын. Былтыр 30 мың әзірлеген едік, биыл біраз артықтау етіп дайындадық.

РКС: Бұдан бөлек, төтенше жағдай орын ала қалса тұрғындарды эвакуациялайтын 12 және малдарды шығаратын 3 бекет қарастырылған. Аудан бойынша су тасқынының алдын алу шараларына 25 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар шұғыл шығындарға резерв те қарастырылған.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ