ДИКТОР: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажеттігін атап өтті. Мемлекет тарапынан бұл саланы дамытуға зор қолдау бар. Аймақта алдағы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталып кетті. Бүгінде көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін жеңілдетілген несие беру қыза түскен. Қазірдің өзінде 32 млрд. теңгеге 221 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды.
РКС: Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл дәнді дақыл алқаптарын қысқартып, жоғары рентабельді майлы және азықтық дақылдарға басымдық берілмек. Бұл ішкі нарықты жеткілікті өніммен қамтамасыз етіп, өңдеуші кәсіпорындар үшін шикізат көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Көктемде 5,2 млн гектар алқапқа дән сіңіру жоспарланып отыр.
СНХ: МАРАТ САУЫТОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бидай және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 4,7 млн.гектар алқапқа жүргізіледі. Майлы дақылдар алаңын 350 мың гектарға, жемазық дақылын, өткен жылдағы шөптерді есепке алғанда 416 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Картоп пен көкөністер 10,4 мың гектар алқапқа егіледі. Көктемгі егіске 540 мың тоннадан астам дәнді дақыл тұқымы қажет. Ол толық дайын.
РКС: Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін өңірге 77 мың тоннаға жуық арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Былтырдан 6,3 мың тонна қалғанын есепке алғанда көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге толық жеткілікті,-дейді мамандар. Сондай-ақ, дала жұмыстарын табысты жүргізудің негізгі факторының бірі – минералдық тыңайтқыштар. Осы ретте биыл оның көлемі 336 мың тоннаға, ал элиталық тұқымдар үлесі 11,2 процентке арттырылмақ. Ал көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуге қажетті техниканың 82 проценті дайын. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға қатысты жұмыстар да қатар жүргізілуде.
СНХ: МАРАТ САУЫТОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қатысты 5 проценттік жеңілдетілген лизинг бағдарламасы диқандар үшін тиімді қолдау болып қала бермек. 24 ақпаннан «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арнайы Telegram-бот арқылы өтінімдерді қабылдауды бастады. Айта кетейік, былтыр бағдарлама аясында өңір диқаншылары 18,8 млрд. теңгеге 334 техника сатып алды. Биыл республика бойынша 200 млрд. теңгеге жеңілдетілген лизингке қаржыландырылмақ. Бұл ең алдымен машина-трактор паркін жаңарту үшін айтарлықтай қолдау болады.
РКС: Сондай-ақ кредиттік ресурстардың қолжетімділігі шеңберінде «Кең Дала 2» мемлекеттік қолдау бағдарламасы облыс шаруаларына демеу. Бұл бағдарлама жылдық таза 5 проценттік үстемемен шаруаларға көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. Бүгінде көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін жеңілдетілген несие беру қыза түскен. Қазірдің өзінде 32 млрд. теңгеге 221 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ