ДИКТОР: Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мемлекеттік сатып алуға ұдайы мониторинг жүргізеді. Аталған жұмыс шеңберінде ақпараттық жүйе арқылы өңірде жасалатын барлық мемлекеттік сатып алулар тексеріледі. Мысалы, былтыр ведомство "Бірыңғай сатып алу терезесі" порталы арқылы бір миллиард теңгеден астам қаражатты ұтымсыз пайдаланудың алдын алды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша тағы қандай шаралар іске асырылып жатыр? Тілші баяндайды.

РКС: Өткен жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім әлеуметтік маңызы бар салаларда 6 сыртқы талдау және жемқорлыққа қарсы 4 мониторинг жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға оларды жоюға қатысты 56 ұсыным енгізілді. Мәселен, жол саласын сараптау аясында Аршалы ауданында облыстық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеуге қатысты сметаны 764 млн. теңгеге асыра бағалау анықталды. Құны уақытша айналма жол есебінен ұлғайтылған. Осылайша, ұйым 364 млн. теңгенің орнына 1,1 млрд. теңге алуды көздеген.

СНХ: САҒЫНЫШ АЯҒАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің жұмысымыздың негізгі бағдары – біздің өңірдегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мейлінше бейім әрі барынша проблемалық салалар енгізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы. Өткен жылы Департамент автожолдар құрылысы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаулар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтер жүргізді. Қазір біз туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп жатырмыз. Яғни, осы жұмыс аясында біз осы бағыттарды талдаймыз, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтаймыз. Уәкілетті органдармен бірлесіп, осы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған ұсынымдар әзірлейміз.

РКС: Сондай-ақ, департамент кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға да басымдық беріп отыр. Бұл бағытта екі жылдан астам уақыт "Бизнеске жол" жобасы сәтті жүзеге асырылуда.

СНХ: САҒЫНЫШ АЯҒАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің жұмысымыздың тағы бір маңызды бағыты – ол бизнесті қорғау, кәсіпкерліктің дамуына, аймаққа инвестиция тартуға кері әсерін тигізетін әкімшілік кедергілерді қалыпқа келтіру. Бұл жұмыстың аясында былтыр 14 кей шешіліп, 700-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды.

РКС: Спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы сараптаудың қорытындысы бойынша «Оқжетпес» клубының футболшы-легионерлеріне төленген сома шектелді. Департаменттің ұсынысы бойынша спортшыларға төленуге тиісті 7 миллион теңге 2 миллион теңгеге дейін төмендетілді.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ