ДИКТОР: Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды ауылындағы бұрынғы мешіт ғимаратында газ баллоны жарылып, 3 адам қаза тапты. Үйінді астынан ер кісі, әйел және 12 жасар баланың мүрделері табылды. Тағы 16 адам зардап шегіп, Астана қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Оның үшеуі кәмелет жасқа толмаған балалар. Қазіргі таңда ауыр жарақат алған 7 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандары елордадағы қалалық ауруханада медициналық көмек алуда. Құтқарушылар қиранды арасынан тағы 6 газ баллонын алып шыққан. Қазір жедел штаб құрылып, жарылыс себебін анықталуда. Оқиға орнында облыстық төтенше жағдай қызметінің жеке құрамынан 30 адам, арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар жедел құтқару жасағы, медициналық апат орталығының психологтары мен Астана қаласының кинология қызметі де тартылды.

СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Газ баллонындағы сұйықтықтың мөлшерден көп болуы салдарынан ондағы қысым жоғарылап кетіп, жарылыс орын алған. Алдын ала осындай болжам жасалып отыр. Газ қондырғысы 1985 жылдан бері қолданыста болған. Десе де газ баллондарын пайдалану мерзімі 30 жыл. Яғни оның қолданыс мерзімі 2015-ші жылы бітуі тиіс еді. Белгіленген нормадан асыра пайдаланылған.