ДИКТОР: Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте. Көкшетауда тұратын өзге ұлт өкілдерінің ұстанымы осындай. Соңғы уақытта қазақ мәдениетіне деген қызығушылық артып, мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірушілердің қатары көбейіп келеді. Сондықтан, облыс орталығында қазақ тілін үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдеріне тегін курстар ашылған. Олардың шарапатын көріп жүргендер аз емес.
РКС: Мемлекеттік тілді жетік меңгерген көкшетаулықтардың бірі Нилуфар Амирасланова. Қазақ тіліне деген қызығушылығы мектеп жасында оянған. Оған қазақ тілінің көркемдігі, байлығы әсер етті,-дейді. Уақыт өте басқа тілдерді де меңгеріп алған. Бүгінде жерлесіміз қазақ, орыс, ағылшын, түрік, әзербайжан және неміс тілдерін жетік меңгерген. Абайдың қара сөздерін жақсы көреді. Мемлекеттік тілге деген құрметі мен жылдар бойғы еңбегі ескеріліп, Өткен жылдың соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Шапағат» медалін алған.
СНХ: НИЛУФАР АМИРАСЛАНОВА, №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ: Қазақ тілі ең басты тілдердің бірі. Түркі тілдерінің ішіндегі ең басты тілдердің бірі. Мұны философтар және көптеген зерттеушілер де айтқан. Қазақ тілінің айырмашылығы – қазақ тілі дүниедегі ең бай тілдің бірі. Өзім ағылшын тілі мұғалімі болып, оқушыларымды әрқашанда қазақ тілінде сөйлеуге шақырамын. Олардың ынтасын жоғарыға шығаруға тырысамын. Және мен өз оқушыларымды ғана емес, жастарға қазақша сөйлеңіз деп айтамын және оларды қазақша сөйлеуге шақырамын.
РКС: Жалпы, облыс аумағында қазақтың тілі мен мәдениетін меңгеруге ниетті өзге ұлт өкілдерінің қатары молайып келеді. Туған тілдің тұғырын биіктету мақсатында мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылған. Қазір облыс бойынша 21 орталық бар. Оның 1-і облыстық, 17-сі аудандық, 3-і қалалық. Соңғы 3 жылда тіл оқыту курстарына тартылған тыңдаушылар саны 51 процентке артқан. Биыл 322 топ жасақталып, оған 3700-ден астам тыңдаушы қабылданды. Оның ішінде мемлекеттік тілді үйренем деушілердің саны 3 мыңнан асты.
ИНФОГРАФИКА:
21 ОРТАЛЫҚ
1-ОБЛЫСТЫҚ
17-АУДАНДЫҚ
3-ҚАЛАЛЫҚ
3 ЖЫЛДА ТЫҢДАУШЫЛАР САНЫ 51 ПРОЦЕНТКЕ АРТҚАН
322 ТОПТА 3727 ТЫҢДАУШЫ
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ТАҢДАҒАНДАР 3103
РКС: Қазақ тіліне судай ақмолалықтардың тағы бірі-неміс ұлтының өкілі Карина Роот. Облыс орталығындағы білім ошақтарының бірінде қазақ тілінен сабақ береді.
СНХ: КАРИНА РООТ, С.ЖҮНІСОВ АТЫНДАҒЫ №18 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап демекші адам әрқашан да даму үстінде болу керек. Менің басты мақсатым өскелең ұрпақтың бойына елімізге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімдерін сіңіре отырып, жеке тұлға етіп қалыптастырып шығару. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні демекші, Қазақстан жерінде туғандықтан, Қазақстан жерінің суын ішіп, нанын жеп жүргендіктен қазақ тілін меңгеру, қазақ тілінің мәртебесін көтеру менің басты мақсатым деп білемін.
РКС: Осы мақсатты арқау етіп жүрген жастардың көптігі қуантады. Қазақтың тілі мен мәдениетіне қызығушылық танытатындар үшін тегін курстар бар. Облыс және аудан орталықтарында «Тілдесейік, достар!», «Қазақша сөйле», «Мәртебе», «Қызықты қазақ тілі», «Зейін», «Тілтаным» сынды бірнеше клуб жұмыс істейді. Ол жерлерде мыңдаған тыңдаушы сабақ алып, тілдік білімдерін шыңдауда.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ