ДИКТОР: Ауа райының қолайсыздығы ақмолалықтарға біршама қиындықтар туғызуда. Түнде жаңбыр жауып әбігерге салса, оның артынан жел тұрып дала көк тайғаққа айналды. Коммуналдық қызмет мамандары жүйелі түрде қала көшелері мен жаяу жүргіншілердің жолдарын мұз бен қардан тазалау жұмыстарын жүргізеді. Жаңа жыл мерекесінде бізді қандай ауа райы күтіп тұр? Арна тілшілері біліп қайтты.

РКС: Биылғы қыс біресе аязбен қарып, біресе жылымық болып әуреге салуда. Бұрын соңды желтоқсан айында 3-5 градус болып көрмеген. Әрине, салдарынан қар еріп көктем келгендей күй кешіп жүрміз. Бірақ, бұл қуанарлық жайт емес. Ал, түнде жауған жаңбыр тіпті күтпеген тосын сый. Салдарынан Көкшетау мен елді мекендердегі көшелерде жүру мүмкін емес. Таң атқалы қала ішін тазалаумен айналысатын мекеме жұмысшылары адам көп жүретін жерлерге құм төсеп жатыр.

СНХ: РУСЛАН ТӨЛЕГЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ: Көк тайғақ болған жерлерге топырақ бен тұздан жасалған қоспа төгеміз. Бұл жұмыстарға «Көкше Тазалық» және «Зерен Плюс 2006» серіктестіктері жұмылдырылған. Қала үш бөлікке бөлінген. Олардың әрқайсында Көкше Тазалықтың 4, Зерен плюстің 3 бірлік техникасы жұмыс істеп жүр.

 РКС: Бүгінгі ауа райы ақмолалықтар үшін, шынымен де, күтпеген жағдай. Құбылмалы күн райына облыс аумағындағы белсенді атлантикалық циклон әсер еткен.

СНХ: ЛАРИСА ГОНЧАРОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: Ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр және қар жауып, көктайғақ, жел тұрады. Желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетеді. Сенбі, яғни, 30-желтоқсан жауын-шашын мөлшері азаяды. Температура 5-10 градусқа дейін төмендейді, түнде кей жерлерде 15 градусқа дейін аяз күтілуде.

РКС: Бүгінгі таңда жұмыстар арнайы техниканың көмегімен жүргізілуде. Кей жерлерде жұмысшылар топырақты қолмен де сеуіп жүр. Топырақ төсеу орталықтан, яғни, Абай, Әуелбеков көшелеріне және адам көп жүретін басқа да жерлерден басталған. Содан кейін техникалар қаланың басқа шағын аудандарына жіберіледі.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ