ДИКТОР: Көкшетау мен Зеренді арасындағы тас жолды жөндеу жұмыстары 2025-ші жылы басталуы мүмкін. Ал, туристік нысандарға келетін демалушылардың жағдайын жақсарту үшін Ресей мен Қазақстан арасында үкімет аралық келісім шарт жасалуы тиіс. Бұл сұрақ келесі жылдың бірінші жарты жылдығында шешіледі. Бұл туралы облысымызға келген Қазақстан Республикасының көлік министрі Марат Қарабаев айтты. Жиын барысында өңірдегі жолдардың сапасы, әуежайды жөндеу жұмыстары талқыға түсті.
РКС: Қазақстан Республикасының көлік министрлігінің өкілдерімен кездесуге келген тұрғындар облыс аумағындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Тұрғындар тарапынан түскен алғашқы сұрақ Көкшетау-Омбы тас жолы туралы болды. Аталмыш магистраль 30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Ал, оның жөнделуі Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестікке де оң әсерін тигізеді,-дейді ақмолалықтар. Сұраққа жауап берген Төлеген Абдуллин алдағы уақытта міндетті түрде жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп сендірді.
СНХ: ТӨЛЕГЕН АБДУЛЛИН, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Ұзындығы 270 шақырым, границаға дейін. Соның ішінде Ақмола облысына 50 шақырым жатады. Әрі қарай Солтүстік Қазақстан облысына. Жаңа ғана өзіңіз айттыңыз биыл 56 шақырым күрделі жөндеу бастадық. 53 шақырымның ішінде 14 шақырым орташа жөндеу біттік. Қалған участкілер келесі жылда средний ремонт бастай береміз.
РКС: Министрмен кездескен ақмолалықтар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қарша жаудырды. Жиналғандарды жолдардың жағдайы, көліктерді рәсімдеу, қоғамдық көлік мәселелері алаңдататыны белгілі болды. Қомақты қаржы құйылған жолдардың да сапасы сын көтермейді деген ақмолалықтар жолдардың жағдайына әлі де назар аударылса деген тілектерін жеткізді. Әсіресе, жол-көлік оқиғасы жиі болатын трассаларға көңіл бөлу қажет дейді жиын қатысушылары.
СНХ: БАЗАРЖАН БЕЙСЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Зеренді курорттық аймаққа барып тұрамыз. Демалуға. Жолы жіңішке. Авариялар жиі болып тұрады. Бала-шаға,немеремен барып тұрамыз. Сұрайын дегенім осы расшираттау бар ма перспективада.
СНХ: МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ: Ол жасауға болады. Бірақ біз есептедік, шамамен 45 миллиардқа дейін барады. Не үшін? Өйткені, жол былай жоғарыға барады сосын төменге түседі. Оны біз бірінші категорияға ауыстырсақ, 4 жолақ жасайтын болсақ, онда жоғарыға, төменге түсуге болмайды. Тегіс қылып жасауымыз керек. Ол өте қымбатқа түседі. Бұл бір, екінші егер халық сұраса біз көрейік. Ең жақсы дегенде 25-ші жылдың екінші жартысында бастауға болады.
РКС: Жалпы, үкімет біздің өңірге көп көңіл бөледі дейді мамандар. Айталық, биыл жолдарды жөндеуге 75 миллиард теңге беріліпті. Ал, көптің көкейінде жүрген әуежайды модернизациялау мәселесі алдағы уақытта шешімін таппайтын сыңайлы.
СНХ: МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ: Модернизация қарастырылмаған, жоспарда жоқ. Жалпы, соңғы рет жөндеуден 2011 жылы өткен. Одан соң модернизация қарастырып отырған жоқпыз. Көкшетау аэропортының өзі Астана қаласындағы аэропорттың филиалы ретінде қызмет атқарады. Оны бңз осы әкімдіктің өзіне беруді жоспарлап отырмыз. Бірақ, беретін болсақ, бұл өзін-өзі ақтамайды. Яғни, оның шығындары оның кірістерінен бірталай көп. Ол бюджетке артық жүк болады. Оны қазір Астана аэропорты өз есебінен жауып отыр оның шығындарын. Сондықтан, біз оны модернизациялауды жоспарлап отырған жоқпыз.
РКС: Бұдан кейін Марат Қарабаев облыс тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады. Кездесуді қорытындылаған министр ақмолалықтар көтерген сұрақтардың барлығы тиісті деңгейде қарастырып, мүмкіндігінше шешім шығаруға тырысатынын жеткізді.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ