ДИКТОР: Қазақтың примадоннасы, орталық Азияның бұлбұлы Роза Рымбаева Көкшетауға келді. Қазақстанның халық әртісі сахнада жүргеніне 50 жыл толуына орай өңірлерді аралап, ән кешін ұйымдастыруда. Араға 23 жыл тастап Көкше төріне келген әншінің өнерін, керемет дауысын жерлестеріміз сағынып қалыпты. Көрермен залында ақ жаулықты әжелер, таяғына сүйенген қарттардың қатары көп болды. Тіпті, қыстың сақырлаған сары аязы да ешкімге кедергі болмаған сыңайлы. Ал, сүйікті әншінің алтын дауысы қысқы ызғарды ерітіп, тыңдарманды еліткендей.
ИНТЕРШУМ: Роза Рымбаеваның орындауындағы әннен үзінді
РКС: «Әлия» әні арқылы әлемге танылып, небәрі, 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанған Роза Рымбаеваның сахнада жүргеніне 50 жыл. Ал, Көкшетауға осыдан 23 жыл бұрын келген екен. Әншінің өзі де бұл уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай қалдым,-дейді.
СНХ: РОЗА РЫМБАЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ: Уақыт зымырап өтіп бара жатқаны соншама, біз тіпті, осы 50 жылдың қалай зымырап өтіп кеткенін байқамай қалдық. Сондықтан, мен үшін бүгін ерекше концерт, ерекше бақытты күн. Себебі сіздердің алдарыңызда ән шырқамағаныма көп уақыт болды. Әрине, ең бірінші менің рахметім облыс әкімшілігіне, облыс филармониясына, мәдениет басшылығына, жалпы, ең бірінші, қарапайым тыңдарман сіздердің алдарыңызда басымды иемін. Бүгінгі концерт сіздердің көңілдеріңізден шығады деп ойлаймын.
РКС: Концерт облыстық филармонияның эстрада-симфониялық оркестірінің сүйемелдеуімен өтті. Көкшетаулық мың бұралған биші қыздар да халық әртісімен бір сахнада өнер көрсетті. Кешке арнайы келген әншінің қос ұлы Әли мен Мәди де көкшетаулықтарға әсем ән шашуын тарту етті.
ИНТЕРШУМ: Әли Оқаповтың орындауындағы әннен үзінді
РКС: «Әлия», «Атамекен», «Өткен күндер», «Жаңбырлы түн». Роза Рымбаеваның қай әні болмасын тыңдарманның жүрегінен орын алған. Әр әні аға буын өкілдерінің жастық шағын еске түсіріп, өнерсүйер қауымды баурап алады. 2 сағаттық концерт 2 минуттай өте шықты. Бірақ, алған әсер жылдар бойы есте қалары сөзсіз.
БЛИЦ-ОПРОС:
- Осы аязға қарамастан бүкіл көкшетаулықтар Роза Рымбаеваның мерекелік концертіне жиналып келді. Сондай әсері мол, әдемі концерт сыйлады. Қаншама кісілерге көңіл-күй сыйлады.
- Классикалық әндері, халық әндері өте ұнады бізге. Осы мерекеміздің алдында келгеніне өте ризамыз. Еліміз тыныш болсын.
РКС: Ерке қыздарын сағынып қалған көкшетаулықтар толассыз гүл шоқтарын беріп, әншімен билеп, суретке түсті. Қазақтың примадоннасы атанған Роза Рымбаева Көкшетауға талай келіп, тыңдарманмен әлі де талай қауышамын деген ниетпен қоштасты.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ