ДИКТОР: Өз ісін бастап, кәсібін дөңгелетуді мақсат еткен жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар баршылық. Биылдың өзінде 180-нен астам жас кәсіпкерге 855 миллион теңге көлемінде шағын несие берілген. Оған қол жеткізген 21 мен 35 жас аралығындағы ақмолалықтар өз кәсібін ашып, бизнесмен атанды. Алайда, кейбірінің ісі өрге домалап кәсібі жүріп тұрса, енді бірі түрлі кедергілерге тап болуда. Жас кәсіпкерлердің жағдайымен арна тілшісі танысып қайтты.

РКС: Мемлекеттің қолдауына ие болған жастардың бірі-Аслан мен Ақерке. Жас та болса, бас бола білген отбасылық жұп бірегей ұлттық музыка мектебін ашып, 150 балаға 7 үйірме бойынша білім беруді көздеген. Басты мақсат: дәстүрлі өнерді дәріптеу, өскелең ұрпақтың екінің бірі ойнай бермейтін қазақы аспаптарға деген қызығушылығын ояту. Жетіген, саз сырнай, қыл қобыз сынды көне аспаптардың үйірмесі осы мектепте. Бірақ, оқушылардың да, ата-аналардың да бұл аспаптарға деген қызығушылығы жоқ сыңайлы.

СНХ: АҚЕРКЕ САЛЫҚ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Бас аяғын қосқанда бізде қазір вокал бар, жүріп жатқан сабақтардан домбыра. Сол екі топты қосқанда бізде 14 бала. Қыл қобыз болсын, сыбызғы болсын, сазсырнай, жетіген болсын ол топтарда біз әлі жұмысты бастаған жоқпыз, өйткені бізде оқушы жоқ. Бұл кредиттің бір плюсі бізге бір жыл демалыс ретінде беріледі. Біз бір жылдың ішінде баланы жинаймыз, мектепті көтереміз, сол жағынан бізге жақсы қолдау болды.

РКС: Қолдау шынымен де бар. Жақсы идея, ұтымды бизнес жобаңыз болса, оны арнайы комиссия алдында қорғап, кәсібіңіздің жеміс беретініне көндірсеңіз мемлекет те аянып қалмайды.

СНХ: ЕРЛАН МҰХАМЕДИН, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Басты талаптардың бірі: өтінім берген кезде ол азаматтың жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 5 жылдан көп болмауы керек. Міндетті шарт кәсіпкердің кепілге қоятын жылжымалы не жылжымайтын мүлкі болуы керек. Несиенің жылдық үстемақысы, небәрі, 2,5 процент. Мал шаруашылығы үшін 7 жылға, басқа бағыттағы бизнес бастамалар үшін 5 жылға беріледі. Биыл жеңілдетілген несие негізінен өсімдік, мал шаруашылығы, қызмет көрсету, және көлік қызметтеріне берілді.

РКС: Әсіресе, Көкшетау қаласы мен Целиноград, Зеренді және Астрахан аудандарының жастары белсенділік танытқан. Басқарма мамандары келер жылы тағы 180 адамды шағын несиемен қамтуды көздейді. Ал, несие сомасын 10 миллион теңгеге дейін жоғарылату жоспарланған.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ