ДИКТОР: Облыстағы құзырлы органдар мамандары жатақханалардағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеруде. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі бірінші кезекте болуы шарт. Сол себепті анықталған заңбұзушылықтар дер кезінде түзетілуі керек. Құтқарушылар тұрғындар мен кәсіпорын иелеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді. «Жатахана» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
РКС: Облыс бойынша ресми тіркелген 56 жатақхана мен хостел бар. Хостелде бір тәулік қонып шығу құны шамамен 3000 теңге, яғни қолжетімді баспана. Рейдтердің басты мақсаты – тұрғындар мен меншік иелері арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Мамандардың айтуынша, тексерілген үй-жайларда 40-тан аса заңбұзушылық анықталған, және олар бір-біріне ұқсас фактілер. Мәселен, өрт дабылының жоқтығы, алғашқы өрт сөндіру құралдарының дұрыс жұмыс істемеуі, тағы басқалары.
СНХ: МАНАТ БЕГАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТКЕ ҚАРСЫ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Облыстағы төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жергілікті атқарушы органдар және волонтерлік ұйым өкілдерімен бірлесе мобильдік топтарды құрды. Алдын алу іс-шарасы барысында электр сымдарының, электр жылыту және газ плиталарының, жылыту жабдықтарының жай-күйіне, сондай-ақ эвакуациялау жолдарына ерекше назар аударуда.
РКС: Әрбір тұрғын өрт бола қалған жағдайда сақтық және әрекет ету шараларын білуі тиіс. Тексеріс барысында құтқарушылар тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағаны анықталған жағдайлар бойынша хостелдер мен жатақханалардың иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Баспана иелері жатақхана не хостелге тұруға келген жандарға қауіпсіздік шараларын түсіндіруге міндетті.
СНХ: АЙМАН ЖАРАХМЕТОВА, ХОСТЕЛ ӘКІМШІСІ: Біз тұруға келгендерге барлық жағдайды, қауіпсіздік техникасын түсіндіреміз. Яғни темекі шегуге болмайды, тек сырттағы рұқсат етілген орындарда ғана рұқсат бар. Алкоголь өнімдеріне мүлдем тыйым салынады. Біздің кәсібіміз, сондықтан қауіпсіздік шарасы бірінші кезекте болуы тиіс. Көпшілікке ұнайды. Бізге айтылған ескертпелер жойылады.
РКС: Биыл облыс аумағында барлығы 778 өрт оқиғасы орын алған. Соның салдарынан 27 адам көз жұмып, 11 адам жарақат алған. Облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары азаматтарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Өрт бола қалған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне дереу қоңырау шалу қажет.
АЙЫМГҮЛ НАЗАРОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, АЛИШЕР ШАКУБАЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АКПАРАТ