ДИКТОР: Жыл басынан бері жергілікті көңіл көтеру орындарында бірнеше тәртіп бұзушылық орын алып, 12 қылмыстық іс қозғалған. Ал, дәмхана, мен мейрамхана сынды қоғамдық орындардан полицейлерге келіп түсетін шақыртулардың саны өткен жылға қарағанда екі есеге артып отыр. Бұл туралы кәсіпкерлер палатасында өткен сауда және қызмет кеңесінің отырысында белгілі болды.

РКС: Сауда және қызмет кеңесінің кезекті отырысында полицияның сервистік моделін іске қосу, бизнес өкілдерінің құқығын қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы сөз қозғалды.

СНХ: ВАЛЕНТИНА ГЕРАЩЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Президентіміз өз сөзінде айтып кеткендей, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Сондықтан, полиция департаменті мен кәсіпкерлер палатасының арасында тығыз байланыс, әріптестік орнауы тиіс. Және бұл біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі отырыста екі жақты қарым-қатынасты нығайтуды талқылап, күн тәртібіндегі негізгі сұрақтарды қарастыратын боламыз.

РКС: Отырыста жалпыға ортақ декларацияға көшу сұрағы да талқыланды. Ол жеке тұлғалардың мүліктері мен кірістерін тиімді бақылау жүйесін қалыптастырып, сыбайлас жемқорлықпен және көлеңкелі экономикамен күресуге септігін тигізеді. Күн тәртібінде қаралған тағы бір маңызды сұрақ сервистік полиция қызметіне қатысты болды.

СНХ: РАСУЛ СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Құқық қорғау органдарының жұмыс істеуіне кедергі келтіретін проблемалар бар. Айталық, өз міндетіне жауапкершілікпен қарамайтын, жұмысты бекітілген талаптардың шеңберінде орындамайтын кәсіпкерлер тарапынан бұзушылықтар орын алып жатады. Елбасы алдымызға қойып отырған негізгі міндеттерді сәтті жүзеге асыру мақсатында біз мемлекет, қоғам және бизнес деп индикаторларды бөлдік. Бұлар шоғырланып, бірге жұмыс істеу керек. Бәріміздің алдымызда тұрған ортақ міндеттер бар, сол бағытта жұмыс істеу үшін бір-бірімізге қолдау білдіріп, алға жылжу қажет.

РКС: Кәсіпкерлік кодекске енгізілген өзгерістердің салдарынан полицейлер ішімдікті заңсыз өндіруге байланысты істерді жүргізуде айтарлықтай кедергілерге тап болуда. Облыста дәмхана, ойын-сауық орталықтарының көптеп ашылуымен сол жерлерде болатын түрлі қылмыстардың да саны артуда. Яғни, дамыған бизнестің теріс тұстары да бар. Кәсіпкерлердің қызығушылығы емес, қоғамдағы тыныштық маңызды деген полицейлер бизнес өкілдеріне заңға қайшы әрекет етіп, жүйелі түрде алкоголь өнімдерін сатуды доғару қажеттігін ескертті.

СНХ: ЕРБОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ішімдікті заңсыз сатудың салдары әлдеқайда ауыр. Полицейлердің мақсаты жазалау емес, қылмыс пен заң бұзушылықтың алдын алу. Алкоголь өнімдерін сату мөлшерінің қадағаланбауы жастардың ащы суға үйір болуына әкеп соқтырады. Сәйкесінше, ел ертеңі деп үміт артып отырған ізбасарларымыз теріс әрекеттерге бет бұрады.

РКС: Осындай олқылықтардың алдын алу үшін полицейлер кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне азаматтық қауымдастыққа мүше болып, рейдтік шараларға бірге қатысуды ұсынды. Сондай-ақ, екі жақты әріптестікті нығайту мақсатында облыстық полиция департаменті мен кәсіпкерлер палатасының арасында меморандумға қол қойылды.

ИНТЕРШУМ: меморандумға қол қою сәті

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨРЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ