ДИКТОР: Көкшетауда қыркүйек айында церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Ерекше балалардың ата-аналары орталық ғимаратын жалға алып, жеке жаттығу, емдеу терапиясы мамандарын да өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда.

РКС: Церебралды сал ауруы – баланың құрсақта даму, не босану кезінде немесе өмірінің алғашқы 1-2 жылында орталық жүйке жүйесінің зақымдануы нәтижесінде болатын спецификалық қозғалыс бұзылыстары. Көкшетауда осындай диагнозы бар балаларды оңалтумен айналысатын мамандар тапшы. Сондықтан ДЦП-ға шалдыққан балалардың аналары өз күштерімен оңалту орталығын құрған. Онда балаларға үздік мамандар білікті көмек көрсетеді.

СНХ: АҚБОТА АЙТБАЕВА, "БӨБЕК TEAM" ОРТАЛЫҒЫН ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ: Біз жаттығу терапиясының төртінші курсына келіп тұрмыз. Бұл орталыққа Астана қаласының ең мықты мамандарын шақырамыз. Айына 2-3 рет үзіліссіз жаттығу терапиясын аламыз. Әр ата-ана емдеу жаттығу курсын өзі төлейді. Біз маманның келуін ұйымдастырамыз, оған жол шығыны мен тұратын орнының ақысын төлейміз.

РКС: Ата-аналар емдеу жаттығу жасайтын білікті мамандарды әр 10 күн сайын шақырады. Нұсқаушымен сабақ өткізу ақысы, сондай-ақ барлық қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу ата-аналардың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Орталық ғимаратының ақысы айына 250 мың теңге тұрады. Оны да ата-аналар өздері төлейді.

СНХ: БОТАГӨЗ МОЛДАШЕВА, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ: Менің қызым осы орталыққа келіп жүр. 4 курс ем алдық. Елордадан ең мықты, білікті деген мамандарды шақырамыз. Сондықтан ол курстарға үзіліссіз келуге тырысамыз.

РКС: "Бөбек таим" орталығын ұйымдастырушылар оларға демеушілік қолдау қажет,- дейді. Демеушілер болса ынтымақтастықта жұмыс істеуге даяр екендіктерін айтады.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ