ДИКТОР: Облыс орталығында 10 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Олардың қатарында әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналардың үлесі басым. Бірақ, жергілікті тұрғындар жаңа пәтерге қашан қол жеткізе алатынын білмейді. Себебі, пәтер кезегі баяу жылжиды деп дабыл қағуда. Ал, жауапты өкілдер бәрі заң жүзінде жүргізіліп жатқанын алға тартып отыр. Мәселенің мән-жайын әріптесім Лаура Дәулетбек тыңдап қайтты.

РКС: Әйгерім Ипова – 5 баланың анасы. Бірнеше жылдан бері баспана кезегінде тұр. Оның сөзінше, пәтер кезегі баяу жылжиды. Десе де, үйлі болуға үмітін үзген жоқ.

СНХ: ӘЙГЕРІМ ИПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мен баспана кезегіне 2016 жылы тұрдым. 500-ші болдым. Кейін мені көпбалалы отбасы санатына ауыстырғанда мен 235-ші орынға түстім. Жақын арада өз пәтерімде қоныс тойын тойлаймын деп үміттенемін.

РКС: Ал, жауапты сала мамандары пәтер кезегін реттеуде дәрменсіз екендерін айтады. Өйткені, жүйе толығымен автоматтандырылған бағытта жұмыс істейді.

СНХ: ДУЛАТ ЖАХИН, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Баспана кезегінде тұрған адамдар әлеуметтік желіге жазып немесе қалалық әкімшілікке келіп шағымданады. Мысал ретінде айтқанда, неге біз 50-шы орыннан 51-ші орынға түсіп кеттік дегенді айтады. Соттың шешімімен, кезекте тұрғындар тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес баспаналы болған жағдайда оларды жүйе автоматты түрде шығарып тастайды. Олар сотқа арызданып, сот шешімімен құқығын иелене алады. Яғни, олардың кінәсінен кезек жылжыған жоқ. Бағдарлама автоматты түрде оларды шығарып жібереді.

РКС: Жыл басынан бері 150-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Ал, жақын арада қуаныш иелерінің қатары тағы да көбейеді деген болжам бар. Себебі, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шаһарда тағы 6 тұрғын үй пайдалануға берілмек.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ