ДИКТОР: Облыстағы көптеген шағын және орта бизнес өкілдері «Даму» қорының қолдауына ие болып отыр. Қорда кәсіпкерлерге арналған түрлі бағдарламалар, жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Тіс қаққан кәсіпкерлер де, өз ісін енді бастағалы отырған жастар да «Дамудың» көмегіне жүгіне алады.
РКС: Бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету – өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. Төртінші билік өкілдерімен кездескен «Даму» өңірлік филиалының директоры Гүлнәр Әлмұқанова шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен нәтижелері туралы баяндады. Айталық, мемлекеттік бағдарламалар іске қосылғалы өңірде 273 миллиард теңгеге жуық сомаға 4 мыңға тарта жоба субсидияланыпты. «Даму» қорының көмегіне жүгініп отырғандардың бірі – «Гормолзавод» серіктестігі.
СНХ: ЕРСАЙЫН ЖАҚСЫЛЫҚОВ, «ГОРМОЛЗАВОД» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Біз 2017 жылдан беру «Даму» қорымен жұмыс істеп келеміз. Олар бізге өте жақсы қолдау білдіруде. Мәселен, жаңа қондырғылар сатып алуға, кәсіпорынды қайта жаңғыртуға жеңілдетілген несие алдық. «Дамудың» арқасында біз тұтынушыларымызды қажетті өніммен қамтып, Қазақстанның негізгі нарығына шығу мүмкіндігіне ие болып отырмыз.
РКС: Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бизнесін дамытуға мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау алған бизнес өкілдерімен кездесті. Журналистер кәсіпкерлерден жеңіл несие алу, несиені субсидиялау арқылы қарыз жүгін жеңілдету, несиеге кепілдік алу секілді құралдардың оң тұстары жайлы сұрады. Сондай-ақ Қазақстанда бизнесті қолдау мен дамытудағы өзекті мәселелер туралы білді. Қазақстан нарығында 20 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан «Свега» тігін цехы да қордың пайдасын көруде.
СНХ: ГАЛИНА ПЛОТНИКОВА, «СВЕГА» ТІГІН ЦЕХЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біз ескі құрылғыларды жаңартып, ғимарат алу үшін екі рет несие алдық. Мемлекет субсидиялағандықтан пайыздық мөлшерлеме 19,5тен 6 процентке түсті. Бұл біз үшін айтарлықтай жеңілдік. Нәтижесінде, өндірісті кеңейтіп, жаңа технологияларды меңгердік. Бұл бізге дер кезінде көрсетілген көмек болды.
РКС: «Даму» қорының көмегіне жүгінгендердің тағы бірі «Омелян» жеке кәсіпкерлігі. Олар кәсіптерін дөңгелету мақсатында 2021 жылы несие алған. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Даму» қоры оны ішінара субсидиялап отыр.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ