ДИКТОР: Оқушыларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың алдын алып, түрлі қысымдарға жол бермеу тәртіп сақшылары мен білім саласы мамандарының алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Өкінішке орай, жастар арасында түрлі келіспеушіліктер, әлімжеттік көрсету фактілері орын алып жатады. Мұндай жағдайлар ресми түрде тіркелмегенімен, мүлдем болмайды деп айта алмаймыз,-дейді мамандар. Сондықтан, оқушылармен де, ата-аналармен де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қолдан келгенше келеңсіздіктердің алдын алу маңызды.

РКС: Мектепте жасы кіші оқушыларға әлімжеттік көрсету, үйде дұрыс тәрбие бермеу, балаларды қараусыз қалдыру – мұның бәрі бүгінгі қоғамда күн сайын орын алып жататын фактілер. Мәселен, өткен жылы оңай олжа табамын деген 3 студент есірткі сатып, ақыры темір торға тоғытылған болатын. Мамандардың айтуларынша, әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушылар ұрлыққа, төбелеске жақын болады. Өкінішке орай, мұндай отбасылардың саны аз емес. Облысымызда 600ден астам отбасының жағдайы төмен болса, ол жерде 400-ден астам бала тәрбиеленеіп жатыр.

СНХ: ЕРБОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сол отбасылардан шыққан балалармен жұмыстар өткізу керек деп санаймын. Әрбір қылмыстың себебі әлеуметтік фактор. Жұмыссыздық. Алкоголизм. Ол да бір әсер етеді. Отбасындағы қолайсыз ата-аналар. Сондай жағдайлар қылмысқа әсер етеді деп санаймыз. Әр баланың тәрбиесі бірінші отбасынан болуы керек деп біз санаймыз. Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс айтарлықтай төмендеген. 44 пайызға.

РКС: Бірақ, кәмелетке жасы толмағандарға қатысты қылмыс саны өткен жылға қарағанда өскен. Бұған жол-көлік оқиғасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық тағы басқасы жатады. Кеңес отырысына қатысқан мамандар кәмелетке толмағандарды буллинг пен тұрмыстық зорлықтан қорғау жолында бірлесе жұмыс істеу маңызды дейді. Бастама ретінде облыстық білім басқармасының жанындағы оқу-әдістемелік орталықта психологиялық орын ашылған. Ол жерде оқушыларға, ата-аналарға көмек көрсетіп, қолдау көрсетіледі.

СНХ: ЖАДЫРА ДІЛДАБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Әрине бала болғаннан кейін бір-бірімен жанжалдасу фактілері болып қалады. Ондай жағдай болғанда жедел түрде мектептің әкімшілігі осы жағдайларға шұғыл түрде әрекет ету алгоритмі бар. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында мектептерде мониторинг жүргізіліп жатыр. Қанша мектептерде орнатылған видеокамералар жұмысы қандай болып жатыр сол жөнінде мониторингтік топ құрылып тексеру жұмыстары жүргізілуде.

РКС: Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада. Әсіресе, қазіргі қоғамда баланы баурап, көңілін аулап әкететін жағдайлар аз емес. Сондықтан, ел болашағы деп үміт артып отырған жастарға үйде де, түзде де дұрыс тәрбие берілгені абзал.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ «КӨКШЕ АҚПАРАТ»