ДИКТОР: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Педагогикалық университетті дамыту» жобасы аяқталды. Жобаға еліміздің әр өңірінен 400-ден астам ағылшын тілінің оқытушылары қатысты. Шараға АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің өкілдері де шақырылған. Курс соңында оқытушылар өз бағдарламаларын әзірлеп, халықаралық біліктілікті арттыру сертификатымен марапатталды.

РКС: Жобаның мақсаты ағылшын тілін оқытуды жаңғырту. Жалпы білім беретін мектептердегі мұғалімдер мен колледждердің оқытушыларына шет тілінде авторлық оқыту бағдарламаларын әзірлеудің заманауи әдістері таныстырылды. Мұның барлығы Қазақстан үкіметінің үштілді білім беру саласындағы саясатын және «Сапалы білім», «Білімді ұлт» ұлттық жобасын қолдауға бағытталған.

СНХ: АЙНАГҮЛ ИСМАҒҰЛОВА, «АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ АҒЫЛШЫН ТІЛІ МҰҒАЛІМДЕРІ МЕН ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Жоба былтыр қыркүйек айында басталған. Оқу жылы бойы жалғасты. Бұл жоба бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен біз Қазақстан бойынша 16 педагогикалық университеттен 16 тәлімгер жинадық, кейін оларға тренингтер өткіздік. Тренинг сабақты АҚШ-тан келген ағылшын маманы өткізді. Дәріс сабақтары аяқталғаннан кейін тәлімгерлер өз қалаларына барып ағылшын тілі мұғалімі болып жұмысқа тұрды.

РКС: Жоба 2 кезеңде өтті. Алғашқысында ағылшын тілі маманының қатысуымен жоғары оқу орындарының оқытушылары онлайн режимде оқыды. Ал 2-ші кезең мектеп және колледж ұстаздарын офлайн форматта каскадты оқытудан өткізді.

СНХ: МАРЖАН ФАРИДА, ЖОБАҒА ҚАТЫСУШЫ (ҚАРАҒАНДЫ): Жалпы осы 15 апталық курс өте қатты ұнады. Барлық сабақтар ағылшын тілінде өтті. Барлығы түсінікті өтті. Себебі, 15 апта аяқталғаннан кейін, біз жобамызды қорғап, бүгінгі семинарға келдік. Қазақстан облысы бойынша басқа қалалардан келген мұғалімдердің тәжірбиесімен бөлісіп, солардың жұмыстарымен танысыпр өттік.

РКС: Жобаның жабылу салтанаты аясында жәрмеңке өтті. Онда еліміздің түрлі қаласынан келген қатысушылар өздерінің авторлық бағдарламаларын ұсынды. Пленарлық отырыста олар жетістіктерімен бөлісті.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ