Құрт ауруына қарсы құрықтау шараларын жүргізу мүмкін болмай отыр. Бұның бірнеше себебі бар. Соның алғашқысы, нәрестелерге туа сала туберкулезге қарсы екпенің егілмеуі. Мәселен, Көкшетаудағы бір ғана қалалық емхана бойынша 2015 жылы 5 ата-ана қарсылық танытса, 2016 жылы мұның саны күрт өсіп, 36-ға жеткен. Аурудың алдын алып, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында медициналық мекеме мамандары "Өзіңді туберкулезден сақта" атты дөңгелек үстел басындағы кездесу ұйымдастырды.
Түрлі сырқаттармен ауыратын әлем халқының 10 пайызын құрт ауруымен ауыратындар құрайды. Сырқат тез арада анықталмаған жағдайда науқастанған жан айналасына түгелдей жұқтыруы мүмкін. Сондықтан да жылына бір рет флюрографиялық тексерістен өтіп отыруы керек. Бұған қоса, сәбилерге туа салды туберкулезге қарсы екпе егілуі қажет. Алайда бұған қарсылық танытып, құлақ аспайтындар өзіне де өзгенің де өміріне қауіп төндіріп отыр.
Қалалық емханаға тіркелген 80 мыңға жуық адамның тең жартысына кезең-кезеңімен туберкулезге қарсы тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 2016 жылы құрт ауруын жұқтырған 42 жағдай тіркеліпті. Оның үшеуі бала. Ендігі арада арнайы тексеруден өтпегендердің жұмыс орнына ескерту хаты жіберіледі. Сондай-ақ, мешіт пен шіркеулерге кіріп түсіндірме жұмыстары жүргізілмек. Дегенменде ақ халатты абзал жандар бұл мәселенің заң жүзінде қаралғаны тиімді деп есептейді.
Атап өтейік, өткен жылы облыс бойынша құрт ауруына шалдыққан 125 жағдай тіркелген. Аурудың алдын-алудың алғы-шарты - гигеналық тазалық, бөлмені үнемі желдету мен уақытылы тексеруден өту қажет екенін ұмытпаған абзал. Өкінішке орай, тексерілмегеннің салдарынан қанша адамның құрт ауруына шалдыққаны беймәлім. Ал науқастанған жан ауа тамшылары арқылы бір уақытта 10-15адамға ауруды жұқтыруы ықтимал.
Раушан Сайлауқызы, Бауыржан Смағұлов