«Евразия жүрегі» қорының өкілдері – шет елдік кардиохирургтар Ақмола облысындағы жүрек орталығының материалдық-техникалық жүйесіне жоғары баға берді. Шетелдің және аймақтың дәрігерлері кардиохирургиялық ота жасау кезінде жасанды қан айналымымен қамтамасыз етудегі кәсіби ерекшеліктерді талқылады.

Делегация құрамындағы «Евразия жүрегі» қорының президенті Пауль Фогт Сант-Петербург мемлекеттік педиатриялық медициналық университетінің жүрек-қан тамырлары хирургиясы кафедрасының профессоры Сергей Марченкомен бірге жүрек орталығының жағдайымен танысты. Шет елдік мамандар Ақмола кардиохирургиялық қызметінің кадрлық құрамына да, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне де жоғары баға берді.

Шет елдік қонақтар кардиохирургиялық ота жасау барысындағы жасанды қан айналыммен қамтамасыз ету жайында айтып берді. Ақмолалық хирургтар айтулы кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі күні аймақта кардиохирургия қарқынды түрде дамып келеді. Бір жылда жүрек орталығында 1500-ға жуық ота жасалады.

 «Евразия Жүрегі» қоры Швейцарияда орналасқан.  Аталған ұйым өкілдері жұмыс істеген уақыт ішінде бірнеше ірі қалалар мен мемлекеттерді аралаған. Шетелдік мамандар Көкшетаудағы сапарларынан кейін Астанадағы денсаулық сақтау мекемелеріне  жол тартпақ.

Айгүл Мырзағалиқызы, Наталья Анфимова, Дархан Сағын