ДИКТОР: Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өткен жылы атқарған жұмысын қорытындылады. Басқарма тарапынан жоспардан тыс 116 тексеру жүргізіліп, анықталған заң бұзушылықтарды жоюға қатысты 100-ден астам нұсқама берілген. Әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.

РКС: Құрылыс саласындағы субъектілерге қатысты 183 әкімшілік іс қозғалған. Құрылыс сапасының талапқа сай болмауы себепті және жобадан ауытқыған 12 мердігер ұйым мен 8 техникалық қадағалау маманы жауапкершілікке тартылды. Ал заң бұзушылықты жыл ішінде қайта жасаған 2 мердігер ұйымның ісі бойынша лицензиясын тоқтату шаралары қолданылды.

СНХ: РАУАН ШАЙМЕРДЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Аталған құқық бұзушылықтарды жыл ішінде қайталағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 312-бабының 2-тармағына сәйкес 2 мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жобалық және рұқсат беру құжаттарының болмауына байланысты 59 құрылыс субъектісіне шара қолданылды. Былтыр есепті кезеңде басқарма тарапынан салынған әкімшілік айыппұлдар 60 миллион теңгеден асты. 66 әкімшілік іс сот қарауына жіберілді. Сонымен қатар, басқарма 1559 нысанды пайдалануға қабылдау актісін қарап, оның 743-ін қабылдады.

РКС: Лицензиялау және аттестаттау саласында 102 лицензия беріліп, қайта рәсімделді. Сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау, жобалар сараптамасы бойынша 30 сарапшы аттестат алды. Біліктілік талаптарына сай келмеген 125 өтініш иесіне мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған. Бұдан бөлек, өңірде заң талаптарын өрескел бұзу деректері де анықталды. 7 тұрғын үй кешенінде жобада техникалық мақсатта қарастырылған 10-шы қабат заңсыз түрде тұрғын үй ретінде қайта жоспарланып, пәтерлер тұрғындарға сатылған. Аталған фактілер бойынша сот шешімі шықты. «Алуа Строй» серіктестігі салған Riverside және «Жеңіс-3» тұрғын үй кешендерінің пайдалануға беру актілері жарамсыз деп танылды. Бұл тұрғын үйлер бойынша азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыстар жалғасуда.

СНХ: РАУАН ШАЙМЕРДЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Ең алдымен құрылыс нысандарын заң талаптарына сәйкестендіру міндеті жүктеліп отыр. Бұған дейін ескерусіз қалған кезеңдер бүгінде ретке келтірілуі тиіс. Аталған тұрғын үйлерде адамдар қазір тұрып жатқандықтан, ең әуелі ғимараттың қауіпсіздігі мен онда тұруға жарамдылығын анықтайтын техникалық тексеру жүргізіледі. Бұдан бөлек, бұл мәселе орталық мемлекеттік органдардың, облыс әкімдігінің және құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында. Құрылыс істері жөніндегі комитетпен бірлесіп, уәкілетті орган тарапынан жағдайды заңды жолмен шешудің нақты алгоритмі әзірленуде. Үйлерді қайта салу, бұзу, немесе тұрғындарды көшіру мәселесі туындап отырған жоқ. Ең бастысы мердігер ұйым барлық құжаттаманы қолданыстағы заңнамаға толық сәйкестендіруі керек.

РКС: Үлестік құрылыс саласындағы заңнаманы күшейту мақсатында былтыр бірқатар заңға өзгеріс енгізілді. Енді рұқсатсыз салынып жатқан үйлерге жарнама жасауға, алдын ала келісім-шарттар түзуге және қолма-қол есеп айырысуға тыйым салынды. Жаңа заң былтыр қыркүйектің 1-нен бастап күшіне енді. Сонымен қатар, үлестік құрылыс заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл көлемін 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру жоспарланып отыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРБЕКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ