ДИКТОР: Небәрі 15 жасында өз есімін спорт тарихына енгізді. Дарья Алексеенко былтыр Өскемен қаласында өткен Қазақстан Республикасы қысқы чемпионатының жүлдегері. Жас спортшы ұлттық чемпионаттарда сенімді түрде жеңіс тұғырына көтеріліп, биік белестерді бағындырып келеді. Мұның бәрі балалық арманынан бастау алған алғашқы жеңістер.
РКС: Дарья Алексеенко жас та болса жеңіл атлетикаға көп уақытын бөледі. Ол спортқа бекерден-бекер келген жоқ. Кішкентай кезінен-ақ ата-анасынан үлгі алып, дәл осы спорт түрін таңдаған. Бүгінде спорт ол үшін жай ғана хобби емес, өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналып отыр. Әпкесі де жеңіл атлетикамен айналысқан. Дәл осы отбасылық қолдау оның болашақ жеңістеріне берік негіз болды. 2024 жылы Дарья Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатында күміс медаль жеңіп алса, былтыр чемпион атанды.
СНХ: ДАРЬЯ АЛЕКСЕЕНКО, СПОРТШЫ: Мен жеңіл атлетикамен жеті жыл айналысып келемін. Қазір U18 категориясы бойынша бақ сынаймын. Өскемен қаласында ұйымдастырылған жарысқа қатысып, жүлдегер атандым. Сондай-ақ, Алматы қаласында өткен сайыста екінші орынды еншіледім. Өзімнің алғашқы медалімді сол Өскеменде алдым. Сонымен қатар, 60 метрге жүгіруден үшінші орынды да иелендім. Болашақта мен спорт шебері атанып, Азия чемпионатына жолдама ұтып алғым келеді. Онда еліміздің көк туын көтеріп, жүлделі орынға ие болсам деген арманым бар. Ал ол үшін ең алдымен жақсы көрсеткішке қол жеткізсем деймін.
РКС: Әр медальдің артында үздіксіз жаттығулар, тәртіп пен қайсар мінез жатыр. Дарья өз жасына қарамастан, спортқа аса жауапкершілікпен қарап, нәтижеге ерекше байыппен назар аударады. Ол үшін жеңіс кездейсоқтық емес, жүйелі жұмыстың нәтижесі.
СНХ: БОРИС ХАМЗИН, БАПКЕР: Дарья маған 8 жасында келді. Мен оның алғашқы бапкерімін. Ол кішкентай кезінен-ақ белсенді бала болды. Алғашқы рет келгенде спорттың қимылдарын мүлдем білмейтін. Бірақ, уақыт өте ол өзін шыңдап, болашағынан зор үміт күттіретін спортшы деп айтар едім. Алдағы уақытта ересектер арасында Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады. Байрақты жарыста Дарья жақсы өнер көрсетеді деген үміттемін.
РКС: Бүгінде Дарья Алексеенко еліміздің бетке ұстар жас жеңіл атлетикашыларының бірі. Ол қысқы ұлттық чемпионаттың жүлдегері атанып, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Бұл ең алдымен өзіне деген сенімділік пен еңбекқорлықтың нәтижесі.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ