ДИКТОР: Жыл басталғалы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 37-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың барлығы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін кеңінен насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ биыл экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында бейнебақылау камераларының саны көбейтілмек. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобасын іске асыру көзделіп отыр. Бағдарлама аясында негізгі шаралармен қатар санитарлық тазалық акциялары, сондай-ақ аудандық және қалалық деңгейде экологиялық бағыттағы байқаулар ұйымдастырылады.

РКС: Аулаларды абаттандыру мен тазалықты сақтау, көшелер мен қоғамдық аумақтарды көгалдандыру бүгінде қазақстандықтардың өмір салтына айналып келеді. Бұл бастамалар елді мекендердің сәнін келтіріп, әр адамның қоршаған ортаға деген көзқарасы мен жауапкершілігін де өзгертіп отыр. Азаматтардың белсенділігін арттыру және игі істерді қолдау мақсатында облыста биыл да барша тұрғын қатыса алатын экологиялық бағыттағы түрлі байқаулар өткізу жоспарланған.

СНХ: БОЛАТ МЕЙРАМОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Аудандық және қалалық деңгейде «Үлгілі ауыл» және «Таза аула» байқауларын өткізуді жоспарлап отырмыз. Жеңімпаздарға қомақты ынталандыру шаралары қарастырылған. Бұл елді мекендер мен қалалардың сыртқы келбетін көріктендіруге, оларды тартымды әрі лайықты күйге келтіруге тиімді серпін бермек. Былтыр бұл бағыттағы жұмысты жоғары деңгейде тек Көкшетау қаласы мен Ақкөл ауданы ғана жүзеге асырды. Аталған байқауда жеңімпаз атанған Новорыбинка ауылына ынталандыру ретінде балалар-спорт алаңын салуға 25 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сонымен қатар «Іргелес аумақ пен ғимараттың кіреберісін абаттандыру» байқауы өткізілді. Оның нәтижесінде Сандықтау, Есіл және Шортанды аудандарының қатысушыларына абаттандыру жұмыстарын жүргізгені үшін 10 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.

РКС: Қазақстанда «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысын мониторингілеу жөніндегі орталық құрылды. Оның құрамында аймақ басшысы Марат Ахметжанов та бар.

СНХ: БОЛАТ МЕЙРАМОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Орталықтың негізгі міндеті – «Таза Қазақстан» іс-шараларының жүзеге асырылуын бақылау, Мемлекет басшысының ағаш егу жөніндегі тапсырмаларын орындауды қадағалау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардың «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру бойынша есептерін тыңдау. Сонымен қатар ішкі істер органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтер мен ауылдардың әкімдерінің абаттандыру талаптарын бұзушыларды анықтау жөніндегі жұмыстары күшейтіледі.

РКС: Балабақшаларда, мектептерде және колледждерде оқушылар үшін түрлі экологиялық байқаулар өткізіледі. 5-тен 9-шы сыныпқа дейінгі оқушылар «Ғаламдық құзыреттер» курсын меңгереді. Сыныптан тыс уақытта балалар мектепішілік және мектептен тыс экологиялық-биологиялық, сондай-ақ туристік-биологиялық бағыттағы үйірмелерге қатысып, өз білімдерін әрі дағдыларын жетілдіреді.

СНХ: АЙГҮЛ МАҒАУИНА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбиелік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында оқушылар мен студенттер арасында экологиялық тәрбиені қалыптастыруға бағытталған түрлі бағыттар мен іс-шаралар қарастырылған. Балабақшаларда экологиялық тәрбие қоршаған әлеммен таныстыруға арналған интеграцияланған сабақтар арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ мектептерде экологиялық тәрбие тек арнайы іс-шаралар арқылы ғана емес, жалпы білім беру пәндері арқылы да қалыптастырылады.

РКС: Сонымен қатар білім беру ұйымдарында қалдықтарды сұрыптап жинау жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Балалар «Таза Қазақстан» және «Экоәлем» акцияларына волонтерлер ретінде белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосуда.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ