ДИКТОР: Көкшетауда кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмыс саны азаймай отыр. 2024-ші жылы 60-тан астам дерек тіркелсе, былтыр оның саны 80-ге таяған. Құқық қорғау органдары бұл жағдайды жасөспірімдердің есірткі қылмыстарына және банк шоттары арқылы жасалатын қаржылық алаяқтықтарға жиі тартылуымен байланыстырып отыр.
РКС: Жасөспірімдер арасында ең жиі кездесетін құқық бұзушылық-ұрлық пен алаяқтық. Сондай-ақ, бұзақылық, бопсалау және тонау сияқты ауыр қылмыстар да орын алуда. Жасөспірімдердің мұндай қылмысқа баруы ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауынан орын алады. Тәртіп сақшылары осылай деп отыр. Ата-ана қамқорлығына зәру балалар көп ретте осындай қылмыстарға бой алдырады. Кей жағдайларда жауапкершілікті ата-ананың өзі арқалауы мүмкін.
СНХ: ЕСКЕНДІР НЫСАНБАЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМІНІҢ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ: Ата-аналар кәмелетке жасы толмағандардың әрекеттері үшін толық жауап береді. Себебі, олар балалардың заңды өкілдері. Ата-аналық міндетін тиісінше орындамағаны үшін 127-бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Алдын алу жұмыстары аса маңызды. “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында оқу орындары мен тұрғындар арасында күн сайын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Көбіне 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер ілігеді.
РКС: Балалар үшін тағы бір елеулі қауіп - интернет кеңістік. Кәмелетке жасы толмағандарды заңсыз контенттен қорғау мақсатында полиция қызметкерлері оны анықтау және бұғаттауға қатысты жүйелі жұмыс жүргізуде. Былтыр осындай бағыттағы 900-ден астам сайт анықталып, «Киберқадағалау» базасына енгізілді.
Қазір облыстағы әр мектепке ювеналды инспекторлар, учаскелік және жедел қызметкерлер бекітілді. Олар қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, балалармен және ата-аналармен жұмыс жүргізіп, жасөспірімдердің қылмыстық ортаға тартылуына жол бермеуге қатысты жүйелі жұмыс атқаруда.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ