ДИКТОР: Облыс бойынша 44 мыңнан астам тұрғынның мүлік салығы бойынша берешегі бар. Қарыз 677 миллион теңгеден асады. Борышкерлерге қандай шара қолданылады? Тілші баяндасын.
РКС: Жеке тұлғалар пәтер, үй, гараж және өзге де жылжымайтын мүліктері үшін міндетті түрде салық төлеуі тиіс. Биыл да салық былтырғы жылға арналған нысандардың кадастрлық құны негізінде есептеледі. Қазірдің өзінде есептеулер банктердің мобильді қосымшаларындағы push-хабарлама арқылы меншік иелеріне жолданды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өңір тұрғындарына өткен жылға арналған мүлік салығын 1 қазанға дейін кешіктірмей төлеу қажеттігін ескертеді.
СНХ: АЙНҰР ЕЛІКБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 2 қазаннан бастап салық берешек туралы хабарламалар жіберіле бастады. Егер де салық берешегінің сомасы 1 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, онда 30 жұмыс күнінен кейін мәжбүрлеп өндіріп алу туралы бұйрық шығарылады. 5 жұмыс күнінен кейін материалдар жеке сот орындаушыларына жолданады. Бұл ретте, жеке сот орындаушылары берешек басқа атқарушылық алымды қосымша өндіріп алады, оның мөлшері салық берешегі сомасының 25%-на дейін жетеді.
РКС: Бұдан бөлек, борышкерлерге елден шығуға тыйым салу сынды мәжбүрлеп орындату шаралары да қолданылуы мүмкін. Айта кетейік, салық бойынша есептеулерді eGov mobile мобильді қосымшасынан, салық төлеушінің жеке кабинетінен көруге болады. Ал төлемді e-Salyq Azamat, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары және электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асыруға болады.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.