ДИКТОР: Елімізде жыл басынан «Study in Kazakhstan» атты көрмесі бас¬тау алды. Аталмыш көрме Көкшетау қаласында да өтті. Көшпелі көрмеге солтүстік аймақтың 20-ға жуық жетекші уни¬верситеттері мен шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдіктері қатысты. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: «Study in Kazakhstan» көрмесі – талапкерлерге Қазақстаннан тыс шықпай, өз елімізде әлемдік деңгейде білім алуға, шетелдік дипломға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірегей бастама. Көрме аясында оқушылар жоғары оқу орындарының өкілдерімен тікелей тілдесіп, оқу¬ға қабылдаудың талаптары, білім беру бағдарламалары, кәсіби бағдар және мемлекеттік гранттар жөнінде толық әрі жан-жақты ақпарат алды. Көрмеге қатысушы оқушылардың бір бөлігі отандық жоғары оқу орындарына қызығушылық танытса, енді бірі шетелдік университеттерде оқуды мақсат етіп, халықаралық деңгейде білім алуды көздеп отыр.

СНХ: МАНСУР МУРОДЯН, №11 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Мұнда шын мәнінде таңдауға тұрарлық тамаша университеттер көп екен. Дегенмен, менің ерекше назарымды аударған ол – Кардиф университеті. Оған себеп, Кардифф университеті – Ұлыбританияның жетекші оқу орындарының бірі. Және мұнда оқу үдерісі толықтай ағылшын тілінде жүргізіледі.Маған математика мен информатика бағыты қатты ұнайды, болашағымды осы саламен байланыстырғым келеді. Сондықтан көрмеге келгеніме еш өкінбеймін. Осындай маңызды шараның куәгері болғаныма қуаныштымын.

РКС: Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан 2022-2024 жылдары аралығында 23 стратегиялық серіктестік орнатылды. Биыл тағы 11 стратегиялық серіктестікке қол жеткізу көзделген.

СНХ: РУСЛАН ЕМЕЛБАЕВ, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: Осы стратегиялық серіктестік негізінде Қазақстанда көптеген шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары және қосдипломдық бағдарламалары ашылып жатыр. Енді бұл арнайы Президенттің тапсырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі жұмыс істеп жатыр. Жалпы қазіргі уақытта 30-дан астам Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары мен қосдипломдық бағдарламалар бар. Бұл қазақстандық талапкерлерге деген керемет бір мүмкіндік. Сонымен қатар ең керемет бір мүмкіндігі біздің қазақстандық талапкерлер осы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында мемлекеттік грант негізінде оқу мүмкіндігіне ие. Бұл жерде әр университеттің шарты әр түрлі.

РКС: Бүгінде білімге ұмтылатын, мақсаты айқын, арманы биік жастардың қатары жыл санап артып келеді. Оқимын деген адамға, ізденісі мен талпынысы мол оқушыларға мемлекет тарапынан да, түрлі білім беру ұйымдары жағынан да барлық жағдай жасалуда. Соның жарқын үлгісі – «Достық» білім беру орталығының оқушысы Меруерт Жәкетова. Ол жуырда өткен республикалық олимпиадаға қатысып, жоғары нәтиже көрсеткені үшін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірінен 4 жылдық білім грантын жеңіп алды.

СНХ: МЕРУЕРТ ЖӘКЕТОВА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ IT-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Мені үлкен жетістікке жетелеген олимпиада ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. Бұл мен үшін өзімді танытып, талай жылғы еңбегім мен дайындығымның жемісін көрсетуге берілген зор мүмкіндік. Олимпиадаға жыл сайын қатысып, түрлі сынақтан өттім, жеңілген кездерім де болды. Ал бұл жеңісім – менің табандылығым мен еңбекқорлығымның айғағы. Бұл жетістік көптеген жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы үшін де маңызды көрсеткіш болады. Бастысы осы грант - менің ата-анамды болашағыма салынатын миллиондаған шығынның ауырпалығынан жеңілдетті. Бұл – мен үшін де, отбасым үшін де үлкен қолдау, зор қуаныш.

РКС: Шара соңында танымал әнші Нұрболат Қанай оқушылардың көңілін көтеріп, ерекше әсер сыйлады.

ИНТЕРШУМ:

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ