ДИКТОР: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын 2023-2025 жылдар аралығында іске асыру көзделген. Ауқымды іс еліміздегі мектеп тапшылығы мен үш ауысымда оқыту мәселесін жоймақ. Көкшетаудағы Бейбітшілік шағын ауданында 1500 орынға арналған болашақ мектептің құрылыс орны белгіленіп, аумағы тегістелгенімен, оның қашан салынатыны белгісіз. Тілші баяндайды.
РКС: «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Самұрық-Қазына Контракшн» ұлттық қорының қаражаты есебінен Ақмола облысында 18 білім ошағы салынуы тиіс еді. Былтыр 9 мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Қалғанының құрылысы биыл басталуы тиіс болатын. Бірақ, былтыр ұлттық жобаға қатысты Үкімет қаулысымен өзгерту енгізілді. Салынатын мектептердің тізімдемесі қысқартылды. Енді ұлттық жобаға енбей қалған білім ошақтарының құрылысы өзге инвестициялық бағдарламалар аясында жүзеге асырылмақ.
СНХ: ВАЛЕРИЙ ГАМАЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Көкшетау қаласы бойынша Бейбітшілік шағын ауданында 1500 және Красный Яр ауылында салынуға тиісті 1200 орындық мектеп. Бұл нысандар үшін қаланың бас даму жоспары аясында жер телімі анықталды. Ол жер мақсатты пайдаланылады. Қаржыландыру көзі мен оны жүзеге асыру мерзімі айқындалған уақытта басталады. Көкшетау қаласы әкімдігінің тиісті қаулысы негізінде мектептердің құрылысына арналған жер телімі тек нақты мақсатқа ғана бағытталады. Ол жерлерге өзге ешқандай нысан салынбайды.
РКС: Шағын аудан тұрғындарының мектеп салу мәселесін көтеріп келе жатқанына ширек ғасырдан асты. Әзірге еш әрекет жоқ.
СНХ: МАЯ БОЛАТХАНОВА, БЕЙБІТШІЛІК ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бейбітшілік шағын ауданында 1500 жуық халық тұрады. Осы халықтың ішінде қаншама көпбалалы отбасылар да бар. Балалар осы жерден 13-ші мектепке, 18-ші мектепке, тіпті өзімнің қызым 8-ші мектепте оқиды. Осы жерден мектептің арақашықтығы 4-5 шақырымды құрайды. Жаздың күні онша қиындық туындамағанымен,бірақ қыстың күні , көктем айларында қиыншылық туындап жатыр. Балалардың мектепке барып-келуі өте қиын.
СНХ: ТҰРЛЫБЕК САРБАЕВ, БЕЙБІТШІЛІК ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бүгінгі жиналып тұрған себебіміз бізге мектеп керек. Өзімнің де қызым бар, 18-ге барады. 13-ке барады. Мына жерде автобус күту керек,қысты күні қиын болып тұр. Сондықтан осы жерге мектептің салынуын сұраймыз бүкіл халық болып.
СНХ: АЙСҰЛУ САЙДАЛИНА, БЕЙБІТШІЛІК ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мына жерге былтыр август айында «Самұрық-Қазынадан» келді. Мына жерге мектеп саламыз, рұқсаттарыңды беріңдер, мына ағаштардың бәрін қырқамыз деп. Жарайды біз оған сеніп қалдық, ең бірінші қуандық, қандай жақсы. Мына біздің Бейбітшілік шағын ауданында 1500 адамдай тұрады. Енді әр үй болғанда, 700 үйдей болады. 700 үйден екі баладан шығады, кейде бір үйден 4 баладан шығады. Сол баладан 13-ші мектепке, 18-ші мектепке, ары жағындағы 20-шы мектепке барады. Оларды мектепке жеткенше ит қуып апарады. Келгенше де ит қуып тістеп алып келеді. Мектеп салады деген соң өте қуандық. Бірақ енді жуырда естідік и әкімде келген. Жаңадан келген бұл ақша жоқ, ештеме салынбайды, ештеме болмайды деп.
РКС: Қаржыландыру көзі табылса, білім ошағы белгіленген жерге салынады. Ал мектеп құрылысына қатысты барлық мәселе облыстық білім басқармасының тікелей бақылауында болады.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ