ДИКТОР: Жатыр мойнының қатерлі ісігі әйелдер арасында кең таралған онкологиялық аурудың бірі. Бұл дерттің алдын алу және ерте анықтау мәселесіне облыста ерекше көңіл бөлінеді. Облыстық көпсалалы ауруханасы онкологиялық емханасының базасында онкогинеколог тұрғындар үшін консультация өткізді.
РКС: Жатыр мойнының қатерлі ісігін ерте анықтаудың бір әдісі – скрининг. Айта кетейік, бұл процедура 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдерге 4 жыл сайын тегін жүргізіледі. Мамандар бұл онкопатологияның пайда болуы адамның папиллома вирусымен байланыстырады.
СНХ: АНАР ЖАРМҰХАНБЕТОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ ГИНЕКОЛОГЫ: Қазір канцерогенділігі жоғары 12-ден астам түрі анықталған. 18 және 16 типтері әйелдерде жатыр мойнының қатерлі ісігі мен оған дейінгі аурулардың дамуына тікелей қатысы бар. Бүгінде Қазақстанда маммография мен жатыр мойны қатерлі ісігіне скринингке үлкен көңіл бөлініп отыр.
РКС: Дәрігерлер жатыр мойнының қатерлі ісігі бастапқы кезеңдерде көбінесе симптомсыз өтетінін айтады. Сондықтан алдын алуға байланысты түрлі тексеріс пен скринингтерден өтудің маңызы зор. Олар ауруды ерте анықтап, емдеуді уақтылы бастауға мүмкіндік береді.
СНХ: ГАЙНИ ҚОЖАХМЕТОВА, ОБЛЫСТЫҚ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Кейбір тұрғындар жұмыстарының көптігіне байланысты тұрғылықты жері бойынша емханаларда тексерістен өте алмай жатады. Осыған байланысты біз «Ашық есік күндерін» ұйымдастырамыз. Бұл күндері науқастар сенбі күні жазылусыз келіп, барлық тексерістен өте алады. Бұл акция тері, сүт безі және гинекологиялық ауруларды анықтауға бағытталған. Мұның бәрін скринингтік және қаралу кабинеттерінде өткізуге болады.
РКС: Заманауи диагностика әдістері мен тегін скрининг бағдарламаларының қолжетімділігіне қарамастан, әйелдердің аз ғана бөлігі жатыр мойнының қатерлі ісігіне қатысты тұрақты тексерістен өтеді. Дәрігерлер әйелдердің бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлмейтініне алаңдаулы.
АЯЖАН АМАНГЕЛДІ, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.