ДИКТОР: Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты, 2020 – 2025 жылдарға мемлекеттік тілді толыққанды пайдалану үшін бірқатар шара көзделген. Бұл міндетті жүзеге асыру аясында "Тілге бойлау" жобасы әзірленді.

РКС: "Тілге бойлау" жобасы 1-ші қыркүйектен бастап Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында іске қосылмақ. Қазір пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Жаңа оқу жылында Ақмола облысының мектепке дейінгі 30 ұйымы бұл бастамаға қосылады.

СНХ: ЖАНАР САҒАЛИЕВА, БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСТАРЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Осы жобаның аясында «Тілге бойлау» жобасын жүзеге асырудың жол картасы жасалды. Оның тұжырымдамасы жасалып, әдіснамалық негіздері анықталды. Енді осы жоба екі жыл бойы Қазақстанның 5 өңірінде жүзеге асыратын болғандықтан педагогтерді, мектепке дейінгі ұймдардың педагогтерін, басшыларын, әдіскерлерін, тәрбиешілерін даярлау мақсатында 17 маусымнан 28 маусым аралығында «Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын жүзеге асыру» атты курстар өз жұмысын бастады.

РКС: Курсқа облыс бойынша 160 педагог қатысып жатыр. Атап айтсақ, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 30 меңгерушісі, 30 әдіскері мен 100 тәрбиешісі білімдерін жетілдіруде.

СНХ: БОТАГӨЗ СӘРСЕНБАЕВА, Ю.ГАГАРИН АТЫНДАҒЫ БАЛАБАҚШАНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: ҚР білім беру саласында тілге бойлау бағдарламасы жүзеге асырылуы басталды. Бұл бағдарлама тікелей оқу-ағарту министрі Ғайни Бектайұлының басшылығымен 5 өңірде жүзеге асады. Көкшетау қаласында 18-20 маусымнан курстар басталды.

РКС: Курс жаттықтырушылары педагогика, психология, филология саласындағы ғалымдар, сондай-ақ мектепке дейінгі білім берудің тәжірибелі практик мамандары. Аталған бағдарлама педагогтардың мемлекеттік тілді меңгеруіне ықпал етпек. Одан әрі олар балабақша тәрбиеленушілеріне сапалы білім беруде нәтижелі жұмыс жүргізеді.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ