ДИКТОР: Көктемгі су тасқыны Қызылжұлдыз ауылының тұрғындарын әбден әбігерге салды. Cу тасқыны салдарынан жолдың мәселесі әр көктем сайын өзекті. Біздің телеарнаға хабарласып, көмек сұраған ауыл азаматтарының мұқтажын тыңдауға түсірілім тобы аттанған еді. Әріптесім Мақпал Ерғалиева баяндайды.

РКС: Жол мәселесі – жұрт мәселесі. Қызылжұлдыз ауылының бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. Қазір елдімекенде 16 шаңырақ түтінін түтетіп отыр. Тұрғындардың айтуынша, көктем мезгілі келісімен ауыл мен қала арасын жалғайтын көпірді су басу тұрақты жағдайға айналған. Ал, қалаға дейінгі айналма жол шұңқырларға толы.

СНХ: БОЛАТ ҚАШАПОВ, ҚЫЗЫЛЖҰЛДЫЗ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мосттың пәлесінен жол жоқ. Саламыз, реттеп береміз деген. Түкте істелген жоқ. Су да жоқ, су да қалмады. Соны оңдап бере алмайды. Скорая помощь шақырсақ, келе алмайды. Өзіміз жұмысқа, балаларды мектепке апара алмаймыз. Осының бәрі мосттан болып отыр.

РКС: Қалаға қатынайтын жолдан тыс, ауыл тұрғындары ауыз сусыз отыр. Ауыл суы ішуге жарамсыз. Ал, тіршілік нәрі қаладан аптасына бір рет ғана тасымалданады. Оның өзі жеткіліксіз, - дейді ауыл азаматтары.

СНХ: ЖАСТІЛЕК РАМАЗАНОВ, ҚЫЗЫЛЖҰЛДЫЗ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осы ауылда 11 жыл тұрамын. Содан бергі көріп келе жатқанымыз қиыншылықтарымыз. Жол мәселесі, су мәселесі. Мәселелер көп. Біз өзіміз қараңқы ауыл секілдіміз. Өткенде бізге су келмей қалды. Халық боп сусыз қалдық. 1-майда бәрі су күтіп отырды. Су келмеді. Халық звандап білсе, біз сендерге су жібермейміз дейді. Неліктен? Неліктен екенін менде білмеймін неліктен екенін. Анда звандадым, мында звандадым ешкім көтермеді.

РКС: Красный Яр ауылында орналасқан алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы Қызылжұлдыз ауылының тұрғындарына көктемгі су тасқыны кезінде гуманитарлық көмек жөнелткен. Сын сағатта жолдың қолайсыздығына қарамастан, қариялар үшін келіп, медициналық көмек көрсетті.

СНХ: БАХЫТГҮЛ ЖҰВАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Осы қызметте көп жылдар бойы атқарып келемін. Красный Ярда 2013 жылдан бастап жұмыс істеймін. Қызылжұлдыз ауылына көп жылдар бойы қызмет етіп келеміз. Өкініштісі, ауылда тұрғындар саны азайып барады. Қариялар ғана қалды. Олар жастарға қарағанда көмекке көбірек зәру. Көктем келген сайын су жолды шайып әкетеді. Бір шақырту үшін көп шақырым жүріп, айналып келдік.

РКС: Қазіргі таңда көпір салуға нақты жоба жоқ.

СНХ: СЕРІКЖАН МАҚЫШ, КРАСНЫЙ ЯР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: Биыл 2024 жылы көктем кезінде, көктемгі су тасқыны кезінде Красный Яр ауылынан Қызылжұлдыз ауылына баратын жолды су шайып кеткен болатын. Қазір жолды қалпына келтіруге спец. техникалар жұмылдырылды. Фронталды погрузчик, экскаватор, самосвал автокөліктері. Бүгінгі күні жұмыстың 50 пайызы аяқталды. Біздің ойымызша, 3-4 күн ішінде бітіреміз.. Осы жолды жөндеуге нақты жоба жоқ. Бірақ Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданынан Красный Ярға дейін жол салу жоспарда бар.

РКС: Жол мәселесі жылда көтеріліп жүр. Алдағы уақытта мәселе түбегейлі шешімін табу үшін қажетті жобалар мен қаражат әзірленуі тиіс. Сондықтан жол мәселесі қашан шешілетіні әлі нақты белгісіз.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, ДАРХАН ДӘУЛЕТ, КӨКШЕ АҚПАРАТ