ДИКТОР: Облыста ветеринария саласының мамандары тапшы. Соңғы кездері бұл салада жалақы көтерілген. Бірақ, мұның өзі жастарды тартуға ықпал етпей отыр. Мәселені шешу үшін облыс әкімі Марат Ахметжанов сала мамандықтарын «Дипломмен-ауылға» бағдарламасына енгізуді ұсынды. Осы және басқа да сұрақтар облыстық әкімдікте өткен брифингте талқыланды.

РКС: Қазіргі таңда, облыстың ветеринария саласы қажетті мамандармен тек 80 процентке қамтылған. Әсіресе, жоғары білімді мал дәрігерлері керек-ақ. Облыстық ветеринария басқармасы мәселені шешудің бірнеше жолдарын қарастыруда. Айталық, Астана қаласындағы Сәкен Сейфулин атындағы аграрлық университетпен тығыз байланыс орнатқан. Білім ордасында болатын жәрмеңкелерге қатысып, болашақ маман иелеріне жұмыс ұсынады. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов соңғы уақытта сала мамандары жалақысының екі есеге жоғарылағанын айтады. Бірақ, ол да жастардың қызығушылығын оятар емес.

СНХ: ТАЛҒАТ ЖҮНІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мал дәрігері сондай мамандық, жастар оқыса да бұл мамандықты әрі қарай игергісі келмейді. Осы биылғы жылы бізге Гумилев университетінің түлектерінің тізімі берілді. Осындай мамандар бітіріп жатыр, жұмысқа шақырасыздар ма деп. Сол 40 шақты баланың бәріне біз хабарластық. Хабарласқанда жоқ мен жұмыс істемеймін немесе әрі қарай оқуымды жалғастырамын деген сияқты сылтау айтып осы жұмысқа келгілері келмейді.

РКС: Облыс әкімінің қатысуымен өткен брифингте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері көктемгі су тасқынына дайындық жайына алаңдаушылық білдірді. Марат Ахметжанов алдағы уақытта төтенше жағдайлар министрімен бірге облыстың қауіпті аймақтарын аралауды көздеп отырғанын жеткізді. Бұдан басқа да жұмыс жоспары құрылған.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Менің берген тапсырмаларым бойынша әрбір жерде бекеттер болады. Бақылау бекеттері. Ол жаңағы судың қаупі болып жатса не болмаса бір дабыл келіп түсетін болса, әрине біз мен болам ба, менің орынбасарларым болады ма тиісті көлікпен керек болатын болса, ұшақпен барып, сол жерді қарап қандай қаупі бар екенін, қандай іс-шара жасауымыз керек ондай іс-шаралар міндетті түрде болады. Ол жоспарда бар.

РКС: Елордаға жақын орналасқан Қосшы қаласының тынысы да тілшілер қауымын алаңдатпай қоймайды. Бұл сұраққа да облыс әкімі жауап берді. Мәлімдеуінше, 3 жыл бұрын қала статусын алған Қосшының жағдайын әлі де жақсарту керек. Сондықтан, алдағы 5 жылға жоспар құрылған. Осы уақытта қалада 2 жайлы мектеп, жаңа білім, денсаулықсақтау мекемелері, ойын-сауық орталықтары салынуы тиіс.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ КӨКШЕ АҚПАРАТ