ДИКТОР: 2023 жылдың 12 маусымы жалпы ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Бұл Абай облысында қайғылы орын алған оқиғаға байланысты. Орманды жайлаған тілсіз жаумен жан арпалысқан 14 адам қаза тапты. Аза тұту күнін жариялау үшін нақты критерийлер жоқ. Шешім, қайғылы оқиғаға сүйене отырып қабылданады. Әдетте, аза тұту күні жаппай құрбан болғандар немесе теракт және басқа да қайғылы оқиғаларда жарияланады. Бұл күн бірнеше күнге созылуы мүмкін. Қазақстанда аза тұту күндері мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ғимараттарында мемлекеттік ту жалауша биіктігінің жартысына түсіріледі. Ойын-сауық іс-шаралары мен телебағдарламалар тоқтатылады.