ДИКТОР: Қосшы қаласына жаңа әкім тағайындалды. Бұл лауазымға осыған дейін Шортанды ауданының әкімі қызметін атқарған 45 жастағы Ғайдар Қасенов келді.  27 шілдеде ел Президентінің Жарлығымен  қала мәртебесін алған Қосшының жаңа әкімшілік аппараты да жасақталды.  

СНХ: ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Құрметті кеңеске қатысушылар, сіздерді кадрлық өзгерістер туралы хабардар етуге рұқсат етіңіздер. Мәслихат депутаттарының келісімімен Қасенов Ғайдар Ғабдоллаұлы Қосшы қаласының жаңа әкімі болып тағайындалды. Ол Атбасар ауданының тумасы. Білімі – жоғары. С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеттін, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттін, Халықаралық бизнес академиясын тәмәмдаған.Экономика ғылымдарының кандидаты.

РКС: Ғайдар Қасенов еңбек жолын 1998 жылы Астана қаласы Алматы ауданы әкімі аппаратының бас маманы болып бастаған. 2001-2006 жылдары коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымда болды. 2006 жылдан 2008 жылға дейін  Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары, кейін аудан әкімі қызметтерін атқарған. 2008-2015 жылдары «Қазтеміртранс» АҚ-да Корпоративтік даму жөніндегі вице-президент болып жұмыс істеді. Тағайындалғанға дейін Ақмола облысы Шортанды ауданының әкімі болып еңбек етті.

СНХ: ҒАЙДАР ҚАСЕНОВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:  Құрметті жиналысқа қатысушылар, құрметті Ермек Боранбайұлы, бүгін сіз маған үлкен сенім артып отырсыз. Үлкен рахмет.  Өздеріңіз білесіздер, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының жарлығымен Қосшы қала болды. Қаланың болашағы зор. Мен үшін бұл үлкен сенім, біржағынан. Екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Өйткені Ақмола облысы менің туған жерім. Елордамызда біраз жыл қызмет атқардым. Өз білімім мен тәжірибемді салып, сенімдеріңізді ақтауға жұмыс істеймін.

РКС:  Жаңа қаланың енді жаңа әкімшілік нысаны бар. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев аппарат мамандарымен қала әкімдігін ашып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

 АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ