ДИКТОР: Астананың іргесіндегі Қосшы қаласының тұрғыны Асхат Бозымбай теріні түрлі технологиямен өңдеп, кәдеге жаратып отыр. Қазақы нақыштағы ою-өрнекпен әшекейлеп, өзінің төл туындысына айналдырып келе жатқан шебермен тілшіміз Нұрсәуле Мұратқызы кездесіп қайтты.

STАND UP: НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ТІЛШІ: Қазақта ерекше бір қанатты сөз бар. Шебердің қолы ортақ,шешеннің тілі ортақ деген. Керемет өнер иесі, өзі шебер, ағаштан түйін түйген Асқат Бозымбай мырзаның шеберханасында тұрмыз. Қазір Қосшы қаласында орналасқан осы кішкентай шеберхананың іші Асқат ағамыздың қолынан шыққан бұйымдармен безендірілген.

РКС: Ата кәсіпті жанына жақын дарытқан шебердің қолынан шыққан туындысына бүгінгі таңда сұраныс көп. Ұлттық нақышта жасалған туындылары стиль жағынан монументалистік бағытқа жатады. Көне дәуірдің сырларын ішіне бүккен бұйымдардың басты құндылығы да – осы. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде шетелдік қонақтар шебердің қолынан шыққан дүниелерге ерекше қызығып, көпшілігі кәдесый ретінде жасатып алып кеткен. Шебер аядай бөлмені қолөнер үйіне айналдырып, кәсібінен нәпақасын тауып отыр.

СНХ: АСХАТ БОЗЫМБАЙ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ: Нағашы жағымыздан да, өзіміздің ата-бабамыз да, әкемізде қолынан өнер тамған кісілер. Сондықтан осы ол кісілерден бізде аттап кете алмадық. Отбасымызбен қолөнер шеберіміз. Мен өзім де сол Алматының түбінде қолөнер шеберлері деген ауыл бар. Кезінде Дәркембай Шоқпаров деген ағамыз себепкер болып, сол кісі құрған. Сол жерде екі ағам жұмыс істеп, сол қолөнер ауылында еңбек етті. Сол кісілердің қолына барып, 1995 жылдан қолөнермен айналысып келемін. Бұл қазақтың қолөнері ғой.

РКС: Кенжелеп қалған төл өнердің қайта тіріліп жан бітірген уақыты, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең. Асхат Бозымбай ердің бес қаруын ерекше тюнингтеп, аса жауапкершілікпен мән бере отырып жасап, қазіргі таңда бір отбасын асырап отырған үлгілі әке. Ұлттық құндылықтың ұрпаққа айна қатесіз жеткізілуі жолында хас шебер ұлдарына ұлт өнерін талмай дәріптеп келеді.

СНХ: АСХАТ БОЗЫМБАЙ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ: Қолөнерге шыдам мен төзім керек ғой, еп керек. Ең бірінші төзім болмаса бұл жаңағы 12 сағат, 13 сағат бір үстелге шұқшиып отырып жұмыс жасау оңай емес. Төзімі жеткен шәкірттер ғана осыны алып кете алады. 1000 шәкірт болса соның ішінде екеу-үшеуі ғана қолөнермен айналысып,алып кете алатын. Қазір аллаға шүкір 2 ұлым өсіп келе жатыр, менің ең басты шәкірттерім, сол 2 ұлым.

СНХ: ДӘУЛЕТКЕРІМ АҚЖОЛ, ШЕБЕРДІҢ ҮЛКЕН ҰЛЫ: Жалпы менің өнерге деген қызығушылығым, шамамамен 5-6 жасымда басталды деп айтсам болады. Жалпы өзім баяғыда бастауыш сыныптарда, мысалы «Болашақта кім болғың келеді?» деген тақырыптарда мұғалімдер әңгіме жазғызатын еді ғой. Сол кезде мен әкімнің ізін жалғастыратын шебер болғым келеді деп жазатынмын. Жалпы менің өмірге деген, өнерге деген қызығушылығымды алғаш көрсеткен әкем. Өйткені бар айналысатын кәсібі осы қолөнер.

РКС: Асхат Бозымбай бір бойына қолөнердің бірнеше бағытын сіңіріп келе жатқан шебер. Асқан талғамдықпен жасалған қолөнер туындыларын қолөнерші қолжетімді бағада сатуға ұсынып келеді. Шебер бұйымдарды арнайы тапсырыс бойынша ғана жасайды. Ал артылып жатқанын көтерме бағамен өткізіп жіберуге мәжбүр. Өйткені арнайы саудалайтын дүкен жоқ. Ал оны ашу үшін қомақты қаржы қажет. Дегенмен шебер қол қусырып қарап отырғанды ұнатпайды. Болашақта кәсібін үлкейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтуды да жоспарға қойып отыр.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ