ДИКТОР: Қосшы қаласындағы су тасқыны бақыланатын режимге өтті. Тайтөбе ауылында су тасқынынан негізгі қорғаныс қызметін атқарған үйінділерді нығайту жұмыстары аяқталуға жақын. Ол жерде жергілікті атқарушы органдар мен халықтың бірігуінің арқасында биыл 2400 метрлік қолданыстағы бөгетке ұзындығы 1200, биіктігі 2,5 метр болатын жаңа бөгет салынған болатын.

РКС: Бұл жұмыстар екі ауысымда жүргізілді. Астана әкімдігі көмек көрсетіп, 30-ға жуық арнайы техника жіберген болатын. Жедел штаб су қоймаларындағы судың деңгейін назарға алып Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Марат Ахметжанов Тайтөбе ауылында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. «Нұра өзені арқылы судың негізгі ағыны өткенмен, тасқынның қаупі сейілген жоқ. Сондықтан, арқаны кеңге жаюға болмайды»,-деді облыс әкімі. Қазіргі уақытта Нұра өзенінің жағасынан судың жоспарлы ағуы жүріп жатыр.

ИНТЕРШУМ: ағып жатқан су

РКС: Сонымен қатар, Марат Ахметжанов Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылындағы су тасқынына қарсы жұмыстардың барысын тексерді. Бүгінгі таңда Талапкер ауылынан 135 мың текше метрден астам қар шығарылып, 210 мың текше метрден астам еріген су сорылған. Арықтарды, каналдарды және су өткізгіш құбырларды тазарту жұмыстары жүргізіліп, инертті материалдар салынған 9 мыңнан астам қап төселді. Ал, жалпы облыстағы жағдай тұрақты. Бүгінгі күнге дейін эвакуацияланған 500-ден астам тұрғын өз үйлеріне оралған. Бұл туралы Астана қаласында өткен орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне онлайн қатысқан Марат Оспанов мәлімдеді.

СНХ: МАРАТ ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМДІГІНІҢ ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазіргі таңда, облыстың 5 өңірінде жағдай тұрақтандырылды. Степногорск қаласы, Біржан сал, Ақкөл, Ерейментау және Егіндікөл аудандарында су басу қаупі сейілді. Жедел әрекет ету шараларының арқасында 25 елді мекендегі екі мыңнан астам үйдің су астында қалуының алдын алдық. Ол жерде 5 мыңнан аса адам тұрады. 18 мыңнан аса мал уақытылы қауіпсіз жерге көшірілді. Осылайша, мал шығынының да алдын алдық. Дегенмен, жағдай облыста әлі де күрделі. Әсіресе, Есіл, Жарқайың және Шортанды аудандарында қауіп бар. Жабай және Колутон өзендері арнасынан асса, Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандарына қауіп төнеді.

РКС: Су басу қаупі бар елді мекендерді қорғау мақсатында облыс бойынша ұзындығы 32 шақырым болатын қоршау салынып, 18 шақырым жағалау нығайтылды. Жалпы, көктемгі су тасқынымен күрес жұмыстарына 2500 адам, бір мыңнан астам техника және мотопомпалар жұмылдырылған. Төтенше жағдай, қорғаныс және ішкі істер министрлігімен орнатқан тығыз байланыс арқасында су тасқынының алдын алу шараларына қосымша күштер жұмылдырылды. Бұдан бөлек, Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының курсанттары мен офицерлері, 400-ге жуық волонтер белсенді көмек көрсетуде.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ