ДИКТОР: Әскерге жарамды 18-27 жас аралығындағы кез келген Қазақстан азаматы Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Қазіргі қоғамда әскери өмірдің қиындығы туралы түрлі қауесет тарап жүр. Сондықтан, жастардың әскерге барудан қорқақтайтыны жасырын емес. Бірақ, әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар қорқудың қажеті жоқ екендігін айтады. Арна тілшілері Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімде болып, солдаттардың өмірімен танысты.
ИНТЕРШУМ: взвод тік тұр, еркін тұр!
РКС: Бұл Көкшетауда орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының 5510 әскери бөлімі. Бұл жерде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген солдаттар нарядқа түсер алдында дайындықтарын бір пысықтап алады. Бұл күнделікті дағды. Елімізде әскерге шақырушылар жылына екі рет іріктеледі. Мыңдаған бозбала қатаң талаптан сүрінбей өтуі керек. Әскер қатарына іліккендердің физикалық мүмкіндіктері күн сайын тексеріледі.
STAND-UP: ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ТІЛШІ: Ал, мынау нұсқаулық сабағының қалашығы. Бұл жерде солдаттар күн сайын өздерінің физикалық дайындықтарын пысықтайды. Ол үшін мынадай арнайы манекендер де орнатылған екен. Сонымен, Мұхамедияр мырза, бұл манекендер не үшін және сіздер бұл жерде не істейсіздер, өзіңіз түсіндіре кетсеңіз.
СНХ: МҰХАМЕДИЯР СЕЛМҰҚАН, САРБАЗ: Бұл манекендер бізге дайындық үшін берілген. Және бұл жерде қызыл нүктемен, жасыл нүктемен адам бейнесі берілген. Қызыл ол ұруға болмайтын жерлер, жанды жерлері адам ағзасының және жасыл жерлер ұруға болатын бұлшық еттері. Мысалы, басы бұл адам ағзасының жанды жері, денесі және екі аяғының ортасы және тізе тұстары. Ал, жасыл белгімен белгіленгендер ол ұруға рұқсат берілген дерлер. Сол жақ, оң жақ бұлшық еттері. Қол бұлшық еттері және аяқ сан бұлшық еттері.
СНХ: ДМИТРИЙ СКИДАН, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕР: Мына манекендер жетінші нормативті орындауға арналған. Яғни, қылмыс орнынан ізін суытқысы келетіндерді ұстау барысындағы қимыл-әрекетті осы манекенмен пысықтаймыз. Уақыт бойынша айтар болсақ, қылмыскерді 7 секунд ішінде ұстасақ ол үздік көрсеткішке жатады. Ал, орташа баға 8 секунд, норматив 9 секундта орындалса қанағаттанарлық деген баға қойылады.
РКС: Қазіргі таңда, 5510 әскери бөлімде 120-ға жуық сарбаз бар. Олар Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарынан келген. Әрқайсының шымыр, физикалық тұрғыдан мықты болуы маңызды. Өйткені, оларға қоғамдағы тыныштық пен тұрғындар қауіпсіздігін қамту секілді өте жауапты міндет жүктелген.
СНХ: БАҒДӘУЛЕТ ОРЫНБАСАР, 5510 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ РОТА КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің осы Көкшетау қаласында орналасқан 5510 әскери бөлімнің сарбаздары Көкшектау қаласының қоғамдық тәртібін қамтамасыз ету мақсатында сондай-ақ, жеке орналасқан атқыштар роталарының сарбаздары қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде күзетуде алынатын сотталғандарды күзету мақсатында қызмет атқарады. Қазіргі сәтте мерзімді әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер бар. Сондай-ақ, әскерден кейін осы әскерде оқыған жауынгерлік дайындық сабақтарынан алған бағалары арқылы жаздық кезеңдегі оқуға түсу грантын жеңіп алуға мүмкіндігі бар.
РКС: Мемлекеттен көрсетілетін тағы бір қолдау, әскер қатарына шақыртылған азаматтың мойнында несие болса, Отан алдындағы борышын өтеп болғанша оны төлеуден босатылады. Яғни, үкімет сарбаздардың еш алаңдамай әскери борышын өтеуіне жағдай жасауда. Ал, бөлімнің ішіндегі жалпы жағдайға, солдаттардың ешкімнен қысым көрмей, көйлектері көк, тамақтары тоқ болуына осы жердің басшылығы жауапты.
STAND-UP: ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ТІЛШІ: Денесі шымыр, қарны тоқ сарбаз – дені сау, қызметке дайын сарбаз. Сондықтан олардың қажетті мөлшерде әрі құнарлы тамақ жеулері маңызды. Сандармен айтар болсақ, бір сарбаз күніне 200 грамм ет, 200 грамм жеміс, 855 грам көкөніс тұтынады. Сонымен қатар, оларға аптасына 3 рет сүт, 2 рет қаймақ және 2 рет ірімшік беріледі екен.
РКС: Бұл ретте 5510 әскери бөлімде кемшілік жоқ. Тамақтарының құнарлы да дәмді екенін солдаттар да растайды. Қазіргі әскердің жағдайы айтарлықтай жақсарған. Шамамен, 10 шақты жыл бұрын белең алған әлімжеттік тақырыбы да атымен жойылған.
СНХ: ҚАЗЫБЕК ЖҮНІСОВ, 5510 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ РОТА СТАРШИНАСЫ: Қазіргі әскерден қорқудың қажеті жоқ. Көп жастардың әскерге келмісі келмейді қазіргі кезде. Жағдайлар жасалған, жалақымыз көтеріліп жатыр. Әлімжеттік жоқ деп бірден айтуға болады. Қазіргі кезде ата-аналар алаңдайды, әлімжеттік бар деп. Мен Қазақстанның патриотымын деген ер азамат ол әскери салада тым болмағанда әрі қарай қызмет атқармаса да, Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті деп отырмын.
РКС: Әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеу әр бозбаланың азаматтық парызы. Ал, әскери өмірдің сапасын жақсарту мемлекеттің міндеті. Бұл міндет ойдағыдай іске асуда.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ