ДИКТОР: Көкшетауда 2500-ге жуық домбырашы бір мезетте бірнеше күй шертті. Осылайша, олар ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған облыстық флешмобқа қатысты. Шара барысында Құрманғазының және Абылай ханның туындылары орындалды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: «Киелі домбыра» деген атаумен ұйымдастырылған бұл флешмобқа кәсіби өнер иелері де, әуесқойлар да қатысты. Облыстық филармония, кітапханалар, музей және шығармашылық орталық ұжымдары, аудандар мен Көкшетау қаласының білім және мәдениет ошақтары, облыстық сот, мемлекеттік орган, басқарма қызметкерлері мен қала тұрғындары ауқымды шараға белсене қатысып, ұлттық құндылығымызды дәріптеуге үлестерін қосты. Олар бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйлерін және Абылай ханның «Шаңды жорық» күйлерін шертті.

СНХ: АЙТОЛҚЫН ХАЙБАР, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Осымен бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Жылдан жылға дәстүрге айналдыратын жоспарымыз бар. Флешмобтың маңыздылығы атадан балаға ұлттық рух, ұлттық киелі домбырамызды үнін, оны қалай тартатынын ұмытпас үшін жүргізіліп жатыр.

РКС: Флешмобқа домбыраны қолына кеше ғана алып, өнер әлеміне енді келген жас өнерпаздар да, киелі аспаптың құлағында ойнайтын талант иелері де қатысты. Өскелең ұрпаққа үлгі болып, қазақы өнерді дәріптеу мақсатында шараға қатысқандардың бірі “Мәдениет қайраткері”, “Ерен еңбегі үшін” медалінің, “Құрмет” орденінің иегері, Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері Тұрлыхожа Базаров. 8 жасынан домбыраны серік еткен ақсақал қазіргі жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығына көңілі толатынын жеткізді.

СНХ: ТҰРЛЫҚОЖА БАЗАРОВ, К.КҮМІСБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ ДИРИЖЕРІ: Нағыз қазақ домбыра дейді ғой. Домбыра жасай берсін. Аман болайық. Әр үйде домбыра болсын. Ұлтымыздың күйі, әндері жоғалмасын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін. Бұрынғы кезде бізде домбырашылар шамалы болса, қазіргі кезде халқымыздың өнерге деген құштарлығы, ұлттық мерекеге жақсы көзқараспен қарайтынын көріп отырмын.

РКС: Ауқымды шараға алғаш қатысқандардың бірі Аршалы ауданынан келген Бекзат Картай. Домбыра үйірмесіне қатысып жүрген 3 жылда көптеген күйлерді үйреніп алған жас өрен болашақта әйгілі күйші болуды армандайды.

СНХ: БЕКЗАТ КӘРТАЙ, «КИЕЛІ ДОМБЫРА» ФЛЕШМОБЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Маған домбыра өте ұнайды. Мен домбыраға 3 жыл қатысып отырмын. Маған ұнайтын күйлер көп. Мен Құрманғазы, Дәулеткерек, Нұрғиса Тілендииев және Байғазыны ұнатам. Ең қиын емес күй Еркем-ай болған. Бүгінгі шара мен бірінші рет қатысып отырмын. Маған өте ұнады. Көп домбырашылар, басқа қалалардан келген. Өте ұнады.

РКС: Бүгінгі таңда облыста 24 фольклорлық ансамбль, 30-дан астам дәстүрлі әнші, 10 қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, 18 домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Ол жерлерде жанына киелі домбыраны серік еткен мыңға жуық өнерсүйер бар. Бәрінің мақсаты бір – қазақтың киелі домбырасын ұлықтап, ұлттық өнердің ұмытылмауына үлес қосу.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ