ДИКТОР: Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен сері Жүнісовтың 90 жылдығына орай Халықаралық II “СӘЛЕМ” комедиялық театр фестивалі өтті. Оған еліміздің театр ұжымдары ғана емес, Түркия мен Әзербайжаннан келген театр өнерінің саңлақтары да қатысты.

РКС: Халықаралық II “СӘЛЕМ” комедиялық театр фестивалін өткізу дәстүрге айналған. Салтанатты шара 8 театр ұжымының басын қосты. Фестивальдың алғашқы күні баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Ондағы мақсат алдағы жоспарларды талқыға салып, театр ұжымдарының бір-бірімен етене араласуына мүмкіндік жасау, тәжірибе алмасу.

СНХ: НҰРИСЛАМ ӘБДІЛ, ШАХМЕТ ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Жалпы мақсаты, барша түркі халықтарының бірлігін сақтау. Биылғы 1-ші мамыр мерекесіне орай ұйымдастырылуы да себебі сондықтан. Ал, екінші кезектен елімізде төтенше жағдайлар болды. Солардан күйзелген, теперіш көрген жергілікті Көкше халқын рухани сусындандыру, рухани жігерлендіру мақсатында жасалып отыр. Келіп жатқан 8 театр осы байқауда бақ сынайтын болады. Басты ерекшелік комедия жанрында. Жалпы комедия өзекті, өткір жанр. Түйткілді мәселелерді, қоғамдағы астарлы дүниелерді комедия өзінің жанрлық сипатына орай ашып бере алады.

РКС: "Аstana Musical" мемлекеттік театрының ұжымы фестивальге ағылшын театрының алтын қорына ХХ ғасырдағы ең үздік ағылшын комедияларының бірі ретінде енген драматург Рэй Кунидің әйгілі «№13» комедиясын ұсынды. Комедиялық қойылым әлемнің жүздеген елінде сахналанып, көрерменнің қошеметіне бөленіп келе жатқанына ширек ғасыр болыпты. «Көзқарақты көрерменнің тың туынды көңілінен шығатыны анық», - дейді театр ұжымы.

СНХ: ӘДІЛЕТ ӘБДІҚАДЫРОВ, "АSTANA MUSICAL" МЕМЛЕКЕТТІК ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Бұл фестивальға қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Мюзикл деген қазір Қазақстандағы жалғыз жанр. Қоюшы режиссері Еслям Нұртазин. «№13» комедиясы жалпы не туралы? Келеңсіз жағдай. «№13» қонақүйдегі жағдай. Комедия барысы өрбіп жатады. Қызықты жайттар болып жатады. Спектакль қойылған кезде негізі оның 50 пайызын ұжым ойнап шықса, қалған 50 пайызы драматургияға байланысты.

ИНТЕРШУМ: ҚОЙЫЛЫМНАН ҮЗІНДІ

РКС: Көрермен залы лық толы. Мансапқор азаматтың тап болған шым-шытырыққа толы оқиғалары, әдемі әзілі кеш көрермендерін бір серпілтті. Бірегей қойылымнан кейінгі әсерімен фестиваль сарапшылары бөлісті.

СНХ: ЖОМАРТ ЗИНӘБІЛ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ: Бұл спектакль біздің театрдың сахнасында да жүретін. Біздің сахна да, Мақсат Сәбитов, Ербол Садырбаев сынды актерлеріміз ойнайды. Таң-тамаша болып отырмыз. Жас балалардың әрқайсысының пластикасы бөлек. Ән айтуы бөлек. Болып жатқан оқиғаны әнмен ұштастырып, пластикалық қимылдармен ұштастырып, әдемі, жақсы қойылым. Бүгінгі фестивальдың шымылдығын ашып отыр. Өнерпаздарға, әріптестерге сәттілік.

РКС: Фестиваль 4 мамырға дейін жалғасады. «Ең үздік комедиялық қойылым», «Ең үздік ансамбль», «Ең үздік режиссерлік шешім», «Ең үздік ер адам бейнесі», «Ең үздік әйел бейнесі», «Ең үздік дебют», «Ең үздік эпизодтық рөл» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталады.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ