ДИКТОР: Осыдан 15 жыл бұрын қылмыскердің қолынан қаза тапқан әділет лейтенанты Ольга Васильевскаяның құрметіне Көкшетаудағы №14 орта мектепте батылдық бұрышы ашылды. Оның есімін ұлықтауға арналған шараға әріптестері, мектеп мұғалімдері және анасы қатысты.

РКС: Ольга Василевская Солтүстік Қазақстан облысы Целинное ауылында 1987-жылдың 29-маусымында дүниеге келген. Орта білімді Көкшетаудағы №14 мектепте алған. Сондықтан, осы жерде ер мінезді бойжеткеннің есімін ұмытпау мақсатында батылдық бұрышын ашу туралы шешім қабылданған.

СНХ: АРКАДИЙ МАКИШЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ҚЫЛМЫСТЫҚ АТҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ №6 МЕКЕМЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгін біз әріптесіміз Василевская Ольга Валерьевна оқыған мектепке жиналып отырмыз. Павлодардағы Заң колледжін тәмамдағаннан кейін ол ЕЦ-166/24 мекемесіне жасақ бастығы қызметіне тағайындалған. Қызмет еткен жылдары өзін тек жақсы қырынан көрсете білді, жауапкершілігі мол маман болатын. Ұжымның қоғамдық өміріне, спорттық шараларға белсенді ат салысатын.

РКС: Қанды оқиға 2008-жылдың 5-ші желтоқсанында болды. Сол күні жұмысын кеш аяқтаған Ольга үйіне асығып тұрғандықтан, жолын қысқарту үшін бақылау пункті емес, өндірістік аймақ арқылы шығып кетуді жөн санайды. Алайда, сол жолда оған сотталушылардың бірі бас салады. Біраз уақыттан кейін бойжеткеннің қан-жоса болған денесін әріптестері тауып алады. Ал, кінәлі деп танылған сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

СНХ: ЕЛЕНА ШТЕПЕНКО, ОЛЬГА ВАСИЛЕВСКАЯНЫҢ АНАСЫ: Қызым бұл мектепте 2-11 сынып аралығында оқыды. Сабағы жақсы болатын. Өзінің артында тек жағымды естеліктер қалдыра білді. Мен бұл күнді ұзақ күттім. Қашан осы сәт туады екен деп тағансызданып жүргенім жасырын емес. Бүгін мен үшін үлкен оқиға орын алып жатыр. Өйткені, маған қызымнан қалғаны құр естелік қана. Осы шараға ал салысқан барлық жанға шексіз ризашылығымды білдіремін. Департамент басшылығына, мектеп ұжымына мың алғыс.

РКС: Қызметтік міндетін адал атқарған Ольга Василевскаяға қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалі берілді. Әріптестерінің, достары мен жақындарының есінде ол өмірге ғашық, мақсаты айқын бойжеткен ретінде мәңгі сақталмақ.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСИН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ