ДИКТОР: Аймақта кадр тапшылығын жою мақсатында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараға өңірдің түкпір-түкпірінен келген 60-қа жуық мекеме қатысты. Олар болашақ түлектермен кездесіп, түрлі қызмет орындарын ұсынды. Әріптесім Лаура Дәулетбек баяндайды.

РКС: Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін, еңбек өтілі жоқ түлек қайда барарын білмей дал болады. Осы орайда, жастарды еңбекпен қамту мәселесін шешу мақсатында білім ошақтарында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Ол өз кезегінде жоғары курс студенттерінің болашақта өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, өңірдегі кадр тапшылығын біршама азайтуға септігін тигізбек.

СНХ: АЙЖАН ТӘЖМИЕВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ ЖӘНЕ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі - жұмыс берушілер мен әлеуетті қызметкерлердің, яғни біздің түлектермен өзара әрекеттестігі. Студенттер кәсіпорын өкілдерінен қажетті ақпаратты тікелей ала алады. Сондай-ақ, біз бүгін болашақ түлектерімізге шеберлік сағаттарын өткіздік. Ол ең алдымен кәсіпкерлік дағдыларға машықтандырады.

РКС: Жалпы, жәрмеңкеге өңірдегі жұмыс берушілер қатысып, студенттерге бос орындарды ұсынды. Солардың бірі "Eurasia Group Kazakhstan" кәсіпорны. Олар жастарға ережені толық түсіндіріп, тестілеу туралы толық ақпарат берді.

СНХ: ГҮЛФИЗА СЕКСЕНОВА, «EURASIA GROUP KAZAKHSTAN» СЕРІКТЕСТІГІ КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Бізде қызмет көрсету және сату саласында 30 бос жұмыс орны бар. Бүгін осы жерде 10-ға жуық түйіндеме түсті.

РКС: Жалпы, шараға 1 мыңнан астам студент қатысты. Солардың бірі – 4 курс студенті Владимир Таньков. Тау-кен ісі мамандығында оқиды. Ол "Baitas geology" мекемесінде өндірістік практикадан өткен.

СНХ: ВЛАДИМИР ТАНЬКОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІБос орындар жәрмеңкесіне сала қызметкерлерінен ақпарат алу үшін келдім. Сондай-ақ, ұқсас мамандықтарды табу үшін бағымды сынамақпын.

РКС: Мұндай жәрмеңке болашақ түлектерді сұранысқа ие мамандықтарға бағыттап, еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға мүмкіндік бермек. Студенттер шара барысында барлық мекеменің өкілдерімен кездесіп, өздерін қызықтырған сауалдарын қойды.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ