ДИКТОР: Жарқайың аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Мәди Бердіғалиев аталмыш аудан тұрғындарының арасында танымал болып, халықтың батасын алып жүр. Ол облыстық жедел құтқару жасағының құтқарушыларымен бірге тасқын судың салдарынан оқшауланып қалған ауыл тұрғындарына күн сайын қажетті керек-жарақтары мен азық-түліктерін тасымалдауда. Су тасқыны басталғалы бері Жарқайың ауданының 3 ауылына апарар жол жабылып, тұрғындар ешқайда қатынай алмай қалған болатын. Қиын жағдайға тап болған Құмсуат, Баранкөл және Нахимовка ауылдарының тұрғындарына 10 күннен астам уақыт бойы Державинск қаласының халқы көмек көрсетуде. Осы күнге дейін жергілікті тұрғындарға қайықпен 10 тоннадан астам өнім тасымалданған. Ал, Мәди Бердіғалиев бастаған құтқарушылар екі баланы шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізді. Ақ халаттыларға дер кезінде тапсырылған бүлдіршіндердің денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ. Осы күндері жергілікті атқарушы органдар үш ауылмен көлік қатынасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

СНХ: МӘДИ БЕРДІҒАЛИЕВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ: Қазіргі таңда біз Жарқайың ауданының Баранкөл ауылына азық-түлік тасымалдағалы жатырмыз. Сонымен қатар, облыстық Жедел құтқару жасағының құтқарушылары Баракөл ауылының кішкентай тұрғынын аудандық орталық ауруханаға жеткізгелі жатыр.