ДИКТОР: Биыл облыс аумағында көктемгі егіс науқаны уақытылы басталады. Бұл жұмыстарға су тасқынының салдары да еш кедергі келтірмейді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында есеп берген облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов осындай мәлімдеді.

РКС: Өткен жылы бидайлары суда қалып, шаруалардың біраз әуре-сарсаңға түскені есімізде. Биыл бұл мәселе қайталанбайды, тұқым қоры жеткілікті, сапасы да жақсы, алаңдауға еш негіз жоқ,-деді Кенеш Әлімжанов. Облыс аумағында тасқын судың астында қалған алқап жоқ. Тек кей жерлерде алқаптарға апарар жолдардың зақымданғаны рас. Оның өзін көктемгі егіс науқаны басталғанша ретке келтіреміз деп сендірді басқарма басшысы.

СНХ: КЕНЕШ ӘЛІМЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мыңдаған гектар алқап су астында қалды деген факті бізде тіркелген жоқ. Көктемгі егіс науқанын уақытылы бастауға ешқандай кедергі жоқ. Тек жол төсемдері зақымданған жерлерді техникаға қиын болмау үшін қысқа мерзім ішінде жөндеп, ретке келтіру керек. Басқа мәселе жоқ. Егіс науқанын уақытылы бастаймыз деп мен 100 процент сеніммен айта аламын.

РКС: Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқыммен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Биыл жергілікті аграрийлерге 537 мың тоннаға жуық тұқым қажет. Осыған орай, жыл басынан бері облыс аумағында тұқыммен айналысатын субъектілерден, Қазақстанның басқа өңірлерінен, Ресей Федерациясы мен Еуропа елдерінен, шамамен, 30 мың және будан тұқымдарының 10 мың тоннасы сатып алынды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқымдық материалдарды жаңарту жұмыстарын жалғастыруда.

СНХ: КЕНЕШ ӘЛІМЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Былтырғы жылғы субсидиялардың барлық түрлері бойынша қарыздар аграрилерге толық өтелді. Бізде ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген Жол картасы бар. Онда көрсетілген барлық индикаторларды жүзеге асыру үшін қосымша қаражат қажет. Сондықтан, осы жылға ауыл шаруашылығы министрлігіне 73 миллиард теңге субсидия алуға өтініш бердік. Осы қаражат түскеннен кейін және аграрилердің өтінімдерін ескере отырып бәріне де субсидия береміз.

РКС: Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 70,2 миллиард теңгеге 2200-ге жуық техника сатып алған. Осылайша, ауыл шаруашылығы техникасы 5,5 процентке жаңарды. Ал, осы жылдың үш айында 8,8 миллиард теңгеге тағы 248 техника сатып алынған. Мал шаруашылығына қысқаша ғана тоқталған Кенеш Әлімжанов топан судың кесірінен Бұланды ауданында мал өлімі тіркелгенін растап, төрт түлік иелеріне шығынның толық мөлшерде өтелетінін жеткізді.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ