ДИКТОР: Атбасар ауданы арқылы өтетін Жабай өзенінің су деңгейі 3 метрге дейін төмендеді. Өңірде жағдай тұрақталып, басқа аймақтардан келген құтқарушыларды облыс басшылығы салтанатты түрде шығарып салды. Әріптесім Лаура Дәулетбек баяндайды.

STAND-UP: ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ТІЛШІ: Атбасар ауданында қазір жағдай тұрақты. Топан су салдарынан қиындыққа тап болған тұрғындарды ақмолалық құтқарушылардан бөлек, басқа облыстардан да қосымша күш тартылып, жәрдемдесуге келді. Бұл табиғи апат қазақстандықтардың ауызбіршілігін нығайтып, құтқарушылар еңбегінің өлшеусіз екенін тағы бір мәрте айшықтай түсті.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Біздің аймағымызда қауіп төмендеді деп толық айта аламыз. Жаңағы Есіл өз арнасына кіріп, Атбасар қаласындағы Жабай өз деңгейіне келді. Төтенше жағдай жарияланғаннан бастап осы біздің облыста су тасқыны келіп, қауіп төнген күннен бастап бізге көмекке Шымкент, Жамбыл облысының төтенше департамент қызметкерлері келіп, белсенді көмектесті. Ол жігіттерді енді нағыз қазіргі заманның батырлары деп айтуға болады. Келе салысымен күн демей, түн демей тынымсыз жұмыс істеді. Халықтың алғысына, ризашылығына ие болды. Ақсақалдар батасын беріп, құшақтап жақсы-жақсы лебізбен, жақсы тілектерімен аудандарына шығарып тастап жатыр. Маңдай терін төгіп тек қана құтқарушылар ғана емес, ішкі істер органдардың, Ұлттық ұлан, прокуратура қызметкерлері, біздің қорғаныс министрлігінің қызметкерлері бәрі жұмылып, бір адамдай жұмыс істеді.

РКС: Құтқарушылардан бөлек, Жамбыл облысынан медицина қызметкерлері де келді. Олар құтқарушылардың денсаулығына жауапты. Десе де, топан судан зардап шеккен 40 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

СНХ: АЛМАС ШЫНШЕР, АПАТТЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: Осы өңірге құтқарушылардың денсаулық жағдайын қадағалап және жергілікті тұрғындардың зардап шеккендер болса, соларға алғашқы медициналық көмек көрсетуге келдік. Осында су деңгейі көтерілді ғой, сол судың ішінде жүрді де белден солардың денсаулық жағдайын қадағалап және алғашқы көмек көрсетіп отырдық. Сонымен қатар, мұнда су басқан ауылдарға бардық. Сол жерде көмектестік тұрғындарға. Сонымен қатар, Ақан Сатаев деген ауыл болды. Сол жерде 38 аптадағы жүкті әйел болды. Сол жүкті әйелді біз құтқарушылармен бірге сол ауылдан алып шықтық. Және оны Атбасар қаласының орталық ауруханасына жеткіздік. Аман-есен жеткізіліп, сол жерге жатқызылды.

РКС: Атбасарлықтарды топан судан құтқару жұмыстарына Ұлттық ұлан сарбаздары да белсене қатысты. Олардың қатарында Ақтөбелік Кәрім Мақсұтбек те бар. Ол осындай қиын уақытта Атбасар тұрғындарының ризашылығын сезіне білді.

СНХ: КӘРІМ МАҚСҰТБЕК, 5510 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ САРБАЗЫ: Өзімнің Отан алдындағы борышымды өтеудемін. Енді табиғи апатқа байланысты Атбасар қаласына, Атбасар қаласының тұрғындарына осы судан аман алып қалу жұмыстарына қатыстық. Тұрғындарға көп-көп рахмет! Жұмыс істеу барысында өздері тамақ әкеліп, өздерінің ыстық тамақтарын беріп, қай кезде де өздерінің көмектерін көрсетті. Барлығымыз бірлесе жүріп Аллаға шүкір біраз жұмыстарды атқардық.

РКС: Өңірді қызыл судан сақтаған құтқарушыларды қимастық сезіммен жіберудеміз,-дейді қала тұрғындары мен волонтерлер.

СНХ: КАМИЛА РЫСБЕКОВА, АТБАСАР АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 1-ші сәуірден бастап құтқарушылар келе бастады. Сол сәтте бастап біз олаға ыстық шәй апарып жүрдік. Алғашқыда біз 50 құтқарушыны қарсы алдық. Соңғы кезде 200 төтенше жағдай қызметкерлеріне ас бердік. Міне, енді олар өз елдімекендеріне кетіп барады. Әрине, қимастық сезім бар.

СНХ: ЕКАТЕРИНА МАТРОС, АТБАСАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Төтенше жағдайлар министрлігі мен полиция қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіргім келеді. Осындай қиын-қыстау уақытта халыққа шынайы қолдау көрсетті. Су деген айтып келмейтін апат, оны тоқтату қиын. Еш қиыншылыққа қарамастан, қайсар батырларымыз қол ұшын соза білді. Осындай ерлердің артында қиындықтан қорықпай өте аламыз. Құтқарушыларға үлкен рахмет!

РКС: Аймақ басшысы Марат Ахметжанов өзге облыстан келген құтқарушыларға ризашылығын білдіріп, өлшеусіз еңбектері үшін Алғыс хатпен марапаттады. Ал ақмолалық құтқарушылар Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына қол ұшын созуға аттанды.

ИНТЕРШУМ: Алғыс хат табыстаудан фрагмент

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ